Ұлыбританияда сайлауалды науқан басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда сайлауалды науқан басталды

15.03.2024

Ұлыбританияда сайлауалды науқан басталып кетті. Билік партиясындағылар халықтың көңілінен шығу үшін салықты төмендеткісі келіп отыр. Бірақ бұл сайлаушылардың бетін бері қарата ма? Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тарқатады.

Көктемгі бюджетті жария етпес бұрын Қаржы министрі әріптестерімен бірге Даунинг стриттегі кеңсесінің алдына шығып, дәстүрлі фотоға түсті. Джереми Хант Консервативтік партияны алдағы сайлауда жеңілістен құтқару үшін салықты төмендеміз деп уәде берді.

Джереми Хант, Ұлыбритания қаржы министрі:

6 сәуірден бастап, еңбек адамдары мен жеке кәсібі барлардың салығы тағы 2 пайыздық тармаққа азаяды. Жалданып жұмыс істейтіндер жылына 450, ал жеке кәсіпкерлер 350 фунт үнемдей алады.

Ұлыбританияда салықтың екі түрі бар. Біріншісі – табыс, екіншісі – ұлттық сақтандыру салығы. Жиналған ақша мемлекеттік қызметтерді қаржыландыруға жұмсалады. Салық көлемі кемігенімен, ол бәрібір бұрынғы деңгейде тұр, дейді оппозициядағылар.

Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:

Ұлыбритания экономикасы рецессияға кірді. Халықтың төзімі таусылды. Билік қанша тырысса да, салық жүктемесі соңғы 70 жылда болмаған деңгейде қалды.

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес Консерваторлар қарсыластарынан анағұрлым артта келеді. Рейтингілері соңғы 50 жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен.

14 жыл ел басқарып, экономиканы құлдыратқан консерваторлар биыл билікпен қош айтысуы мүмкін. Лейбористер жалпы сайлауды өткізу күнін 2 мамыр деп бекітуді талап етіп отыр.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу