Үкімет басшысы Кентау жылу орталығының жай-күйімен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Кентау жылу орталығының жай-күйімен танысты

14.03.2024

Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов Түркістан облысындағы бірқатар маңызды нысанды аралап көрді. Кентаудағы жылу орталығының қазіргі жағдайымен танысып, өңірдегі ағын су мәселесін шешу жолдарын талқылады. 

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жөндеу барысын да өз көзімен көрді.

Үкімет басшысы әуелі Кентау жылу орталығының қазіргі жай-күйімен танысты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған стратегиялық нысанда қазандықтар әбден тозған. Биыл қыста төрт қазандық істен шығып, халық қақаған аязда бүрсең қағып қалған еді. Орталық басшылығы алдағы екі жылда жөндеу жұмыстары тиянақты жүргізіледі деп сендірді.

Серік Қайратұлы, Кентау жылу орталығының директоры:

Станциядағы 8 қазандықтың 2-уін қайта құру жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда жұмыстары аяқталу аясында. Қалған екі қазандықты жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады. Қосымша тағы екі қазандығымызды 2025-ші жылы қайта құру жұмыстарын толық аяқтау көзделуде.

Үкімет басшысы құзырлы министрліктерге мұндағы жөндеу жұмыстарына қаржы қарастыруды тапсырды. Аймақта ағын су проблемасы да өзекті. Себебі көршілес елдерге тәуелді өңірде маусым кезінде ағын су жетпейді.

Бүгінгі таңға біз 75 пайыз каналдардың тозығы жеткен деп отырмыз. Ал Түркістан өңірінде біз есептеп отырмыз, 80 мыңға жуық суармалы алқабымыз бар. Осы суармалы алқапқа суды кепілді түрде қамтамасыз ету үшін жыл сайын ағын су тапшылығы орын алып отыр. Осыған бізге қаржылай жобаны іске асыруға қолдау білдірсеңіз деген өтінішіміз бар.

Ағын сумен қамту бойынша ауқымды жобалар жан жақты қаралып жатыр. Десе де тіршілік нәрін үнемдеудың тың технологиясына көшу қажет, деді Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Көрші елдермен де тиімді келіссөздер жүргізу керек. Жүргізіліп жатыр министрліктен. Ең бастысы, бірінші кезекте біз суды үнемдеуіміз керек. Су үнемдеу мәдениеті болу керек бізде. Соны қалыптастыру керек. Бұл үлкен маңызды міндет.

Премьер-Министр Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарының барысын бақылады. Реставрациялау жұмыстары былтыр тамыз айында басталған. Ол үшін бюджеттен 232 млн теңге бөлінді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек қазақ халқымыздың емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Сондықтан осы әрине оның тарихи келбетін сақтауымыз керек. Ол біздің ортақ міндетіміз бәріміздің. Сондықтан үкімет тарапынан да, қолдау болады. Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді. Зерттеулерді дұрыстап өткізіп, нәтижесін алып, сосын шара қабылдау керек.

Үкімет басшысы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру жайын да пысықтады. Өңірге инвесторларды белсенді тарту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыру, шағын өнеркәсіптік парктер мен арнайы индустриялық аймақтардың аумағын кеңейтуді міндеттеді.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу