Түркістан облысында 140-тан астам шаруа көктемгі егіске кірісе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 140-тан астам шаруа көктемгі егіске кірісе алмай отыр

13.03.2024

Жердің тоңы жібіп, күн жылынғанымен Түркістан облысының Сайрам ауданында 140-тан астам шаруа көктемгі егіске кірісе алмай отыр. Өйткені жергілікті билік суармалы жерді мемлекет мұқтаждығына аламыз деп хабарлама таратып үлгерген. Шаруалар аудан орталығының төңірегінде егіске жарамсыз бос жерлер бола тұра әкімдіктің не себепті бұл аумаққа қайта-қайта көз аларта беретініне наразы.

Өндірістік кооперативке қарасты 10 гектар жер былтырғы жиын-терімнен соң сол күйі жатыр. Егістікті енді жыратымыз ба дегенде, жерді алып қоямыз деген ескерту қағаз келді. Нешее жылдан бері диқаншылық кәсіппен жан бағып келген бірнеше отбасы қазір уайыммен күн өткізіп жүр.

Ұшқын Мадалиев, өндірістік кооператив мүшесі:

Осы жерге ерте пісетін капуста, картоп егеміз. Оны өз еліміздің Солтүстігіне жібереміз. Биыл да кірісейін десек бізге ескеру келді жерді аламыз деген. Не айдауды білмейміз, не істерімізді білмейміз. Жүрек ауру болдық.

Әкімдіктің бұл алқашқы әрекеті емес. Осыдан он жыл бұрын да кооперативтің 129 гекта жерін қайтарып алған болатын. «Егістік орнына көпқабатты үй саламыз деген билік артынша қара жерді телімге бөліп, жекеге пұлдап жіберді. Бұл жолы да да көздегендері сол» деп ашынады шаруалар.

Баян Қасымбекова, шаруа:

Райский деген жерді де тартып алған. Еш жерге бірде бір үй түскен жоқ. Ақшалары да жоқ оны салатын. Халықты алдап, өздері бөліп-бөліп сатып жіберіп жатыр. Мынау ең жақсы жер болған соң көздері түсіп отыр әр әкім келген сайын.

Бұл жолы таласқа түсіп жатқан Ақсукент ауылы маңындағы 170 гектар егістік. Аудан әкімдігі жерді мемлекет мұқтаждығына қайтарып алмай жатып, осыдан 8 жыл бұрын аумаққа әкімшілік орталық салуды ұйғарып, жоспарлап та қойыпты.

Октамбек Османов, шаруа:

Бас жоспар істеп қойдық дейді әкімшілік. Кімнің әкесінің ақысы бар менің жекеменшігімдегі жер. Бірінші менен сатып алмай ма? Кейін генплан істемей ме? Мен сияқты көп адамдар бар бұл поляда.

Халық тығыз қоныстанған Сайрам ауданында қазір 63 мың азамат жер кезегінде тұр. Тағы 3 мыңнан астам тұрғын мемлекеттен үй алуға үмітті. Әкімдік осы мұқтаждықтар үшін шаруалардан егістік жерді қайтарып алуға мәжбүрміз дейді.

Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

Бағалаушылар анықталды. Олар нарықтық бағада сатып алады. Қазір осы жерлер қанша бағада болса соншаға сатып алады үкімет. Ол қаржылар бәрі қарастырылған.

Шаруалар әзірге бұған келісетін емес. Құқықтарын сотта қорғауға бекініп отыр. Ал егістік алқаптарды мемлект мұқтаждығына қайтару ісі бірнеше кезеңге бөлінген. Оның алғашқы сатысында 77 гектардың меншік иесі ауысып, оның орнына әкімдік ғимараты мен көпқабатты үйлер бой көтермек.


Хабарламаларға жазылу