Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты заңға қайшы ешқандай бұрмалаушылық болмайды. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Палата төрағасы Ерлан Қошанов журналисттердің сұрағына осылай деді. Сот ісіне араласуға ешкімнің құқығы жоқ. Сот - төре әрі бейтарап. Екіншіден, тура осы іске қатысты бақылау да күшті,- деді ол.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Қоғамның ерекше бақылауында деп айтам. Президент осы мәселе бойынша, осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын дұрыс жүргізу бойынша өзінің тапсырмаларын берді. Өз бақылауында ұстап отыр. Сондықтан осындай қоғамдық бақылау бар кезде әрине ешқандай бұрмалаушылық болады ғой деп ойламаймын.
Ал журналистердің сот залына кіре алмауы тәртіптің қатаң сақталуына байланысты. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындәлиев осылай түсіндірді. «Бишімбаев ерекше қорғалмайды. Кез келген айыпталушыны қарулы жасақ алып жүреді. Сот барысы туралы ақпарат таратуға рұқсат та бар. Бастысы тілшілер жалған ақпарат таратпауы керек», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Әсет Шындәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
Біріншіден, сотта тәртіп болуы керек. Қанша жерден резонансты іс болғанымен оны ток-шоуға айналдыруға болмайды. Бақ өкілдері үшін арнайы бөлме жасақталып, сот барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Сот барлық жағдайды жасап жатыр.