Ұлыстың ұлы күні енді 10 күн тойланады. Биыл жаңа форматта өтеді. Бұл туралы мәдениет комитетінің төраға орынбасары Сәбит Барлыбаев айтты. Наурызнама онкүндігі мынадай:
Әз-Наурыз 14 наурыз күні – Көрісу, яғни Амал мерекесімен басталады. 15 наурыз – Қайырымдылық, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. 17 наурыз – Шаңырақ, 18 наурыз – Ұлттық киім күні. 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. 21 наурыз – Ынтымақ, ал 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өтеді. 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді. Бұдан бөлек, мерекенің логотипі ретінде «қызғалдақ» гүлі таңдалды.
Сәбит Барлыбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:
Бұл мерекеде логотиптің басты символикасы қызғалдақ гүлі болып табылды. Халық үшін қызғалдақ наурыз мерекесінің жарқын символы. Ата-бабамыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған болатын. Логотип бекітіліп, ол өңірлерге жолданды.
Республика бойынша онкүндікте 10 мыңнан астам мәдени іс-шара өтеді. Биылғы мерекені тойлау форматы көпшіліктің көңілінен шықты.