Абай облысындағы ауылдарға қарғын су кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы ауылдарға қарғын су кірді

11.03.2024

Абай облысындағы Бақты ауылына қарғын су кірді. Күн күрт жылынғандықтан, қар суы тез еріген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, аулаларға және бірнеше үйге қар суы жайылған. Төтенше жағдайлар қызметі табиғи апаттың салдарымен күресіп жатыр. 750 тоннаға дейін инерттік материал қолданып, бөгеттер жасаған. Арықтарды кеңітіп, суды өзен арналарына бұрып жатыр. Қазір жағдай тұрақталды. Шығын есептеліп жатыр.

Еріген қар суы Жетісу облысы Алакөл ауданының бірнеше елді мекен тұрғындарын да, әбігерге салды. Көлбай, Қабанбай және Бескөл ауылдарының көшелеріне қарғын су кіріп, аулаларға жайылды. Бір ғана Бескөл станциясында төтенше жағдай қызметінің мамандары 19 ауладан су шығарған.

Жалпы Жетісу өңірі бойынша 31 ауылда су тасу қаупі басым. Алайда құтқарушылар жергілікті билікпен бірлесе әрекет ету нәтижесінде, 22 елді мекенде су басу немесе тасу қаупі сейілді. Ал қалған ауылдарда төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:

Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен, 50 адам, 10 бірлік техника жұмылдырылып бес аула аумағынан су сорылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Ешқандай зардап шеккендер, қираулар болған жоқ.

Ал Батыс Қазақстан облысында 147 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан қарғын су шаюы мүмкін тасжолдардың 49 бөлігі бақылауға алынды. Су бұру арналары мен су өткізу құбырлары салынды. Тасқынның алдын алу үшін барлық аудан мен қала көшелерінен қар шығарылып, арықтар аршылып жатыр.

Биыл Жайыққа жоғарыдан көп су келуі мүмкін деген болжам бар. Шыңғырлау, Шежін, Деркөл, Шаған, Өлеңті, Шідерті өзендерінде су көлемі мол. Биыл он жылдан кейін мұз жару іс-шарасы қолға алынды. Он күнде қала мен бес аудандағы өзендердің 26 бөлігінде мұз жарылды. Бұған облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінген.


Хабарламаларға жазылу