Шығыс Қазақстан облысындағы оңтүстік аудандар мен Өскемен қаласында соңғы үш тәулікте күн күрт жылынды. Өңірде қар көшкіні қаупі де жоғары. Сондықтан кейбір бағыттағы автокөлік жолдары түңгі уақытта жабылды. Қар да тоқтаусыз еріп жатыр. Коммуналдық мекемелер тасқынға тосқын жұмыстарын күшейтті. Өзен-көлдерде мұз кептелісі болмас үшін жарылыс жұмыстарын бастады. Шемонаиха ауданындағы Оба өзенінде 10 мың текше метрден астам мұз жарылды. Аймақта жазықтағы өзендерде санаулы күнде сең қозғалуы мүмкін.
Ауа райын болжау орталығы мамандары осы аптада аймақта күн райы 8 градусқа дейін жылитынын хабарлады. Бүгінге дейін облыс бойынша 180 шақырым арық аршылып, 800-ге жуық көпір мен өткел асты тазартылды. Елді мекендерден 170 мың текше метр қар шығарылды.
Дина Бексұлтанова, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
Бұл жарылыс жұмыстарының негізгі мақсаты - мұз кептелістерін болдырмау. Осындай мұз жару жұмыстары біздің облыс бойынша 5 ауданда, 19 учаскеде жүргізілуде.
Олжас Керейхан