Түркістан облысының Дербісек ауылы бағбандар мекені - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Дербісек ауылы бағбандар мекені

09.03.2024

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылы нағыз бағбандар тұратын мекен. Ондағы 60-тан аса отбасы гүл өсіруді тұрақты кәсіпке айналдырған. Елдімекендегі әрбір бесінші тұрғын жылыжай ұстап, гүл өсірумен айналысады.

Дербісек ауылының тұрғыны Махат Әуенов жеті жылдан бері жылыжайда гүл өсіреді. Бұл кәсіпті бағбан алғаш Райхан гүлін өсіруден бастапты. Қазір жылыжайында голландиялық Астрамерия гүлінің 10 түрін жерсіндіріп, жайқалтып отыр. Еуропалық гүлдің бір ерекшелігі - жыл он екі ай өнім береді.

Махат Әуенов, бағбан:

Көпшілік ексе өсе береді деп ойлайды. Гүл егу деген бұл әдемілікті қалағаннан кейін біз үнемі ізденісте жүреміз. Қиыншылығы күтіп-баптауда. Гүлінде бір дақ болса, ол әдемілігін жоғалтады. Сол үшін зақымдандырмауға, бір жері бүлінсе, гүл сатылуға шықпайды. Жылуы дұрыс болмаса, гүлі жақсы гүлдемейді. Бойы өспей қалады.

Дербісектік бағбандардың басым көпшілігі бірыңғай қызғалдақ егеді. Мұндағы тұрғындардың арнайы білімі болмаса да гүл баптаудың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп алған. «Гүл – әсемдіктің, нәзіктіктің символы, сондықтан оған ерекше бап керек»,-дейді. Қазір голландиялық қызғалдақтарды жерсіндіріп, саудалап жатыр. Гүл өсірушілер қажет болса бір бірімізден кеңес алып, тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз, дейді.

Афис Гарипов, бағбан:

Көбісі раушан егеді. Қызғалдақ егетіндер де бар. Кейін астромерия егетіндер де бар. Құпиясы жоқ. Кімге не керек, бір-біріне үйретеді. Бір-біріне айтады. Қарап береміз, өсіреміз. Көмек керек болса, мен оған барамын немесе ол маған келеді. Қандай өсіп жатыр. Не кемшілігі бар екенін.

Жергілікті халық көгалдандыруға қолайлы дала гүлдерін де өсіреді. Өйткені көпжылдық өсімдіктерге сұраныс көп. Сауда әсіресе мамыр айында қызады. Маусым кезінде гүлден нәпақасын айырған әр отбасы қыруар табыс тауып қалуға тырысады.

Болатбек Текебаевтың жылыжайында қазір көпжылдық гүлдердің отызға жуық түрі өсіп тұр. Өзбекстаннан көшеттерін әкеліп отырғызған бағбан төрт айлық жұмысымыз бір жылдық табыс береді, дейді.

Болатбек Текебаев, бағбан:

Табысы да жақсы, еңбегі де ауыр емес. Мысалы мына гүлдеріміз өрмелеп өсетін гүл дейміз. Көп адамдар есіктің алдына, қақпаға, тапшандардың айналасына осындай гүлдерді отырғызады. Үйдің көркін береді. Қазір менде 16 түс бар десем жаңылыспаймын.

Жылыжайлардың 90 пайызы жылу жүйесімен қамтылған. Мұндағы бағбандар маусым айына дейін гүлдерін өсіріп сатқанымен, жұмыс тоқтамайды. Олар жылыжайларды келесі жылға дайындайды.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу