Ертең көктем мерекесі. Анаға қамқорлық, түптеп келгенде ұлтқа қамқорлық деген сөз. Әйелдер күні халықаралық мерекесіне арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, барша қазақстандық қыз-келіншектерді құттықтады. Қазір әйелдер қауымы сан саланы меңгерген. Отанымыздың көркеюіне қомақты үлес қосып жатыр. Сондықтан әйелдер қауымына құрметіміз ерекше, - деді мемлекет басшысы. Әдемілікке толы салатанатты іс-шара қалай өтті? Оңғар Алпыспайұлы толықтырады.
Жиынға келген әйелдер қауымы салтанатты жиын басталғанша суретке түсіп, арқа-жарқа болды. Қазақстанның барлық өңірінен келген, түрлі салада қызмет ететін арулардың мереке алдындағы көңіл күйі ерекше.
Мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Оларға мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шуақты мерекемен шын жүректен құттықтаймын. 8 наурыз көктем мерекесі. Бұл сұлулықтың, мейірімнің символына айналған мереке. Біз ер азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандыларға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше.
Қазақстандық әйелдердің барлығы құрметке лайық. Себебі, қыз-келіншектер барлық салада табысты еңбек етіп келеді, - деді мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өндірісте, ғылымда, және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық.
Әйелдер қауымының мемлекеттік қызметпен қатар саяси сахнада да үлесі артып келеді.
«АРУ-АНА» ҮЗДІК ӘЙЕЛДЕР ЖОБАСЫ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Жеке кәсіп ашып, өзін ғана емес өзгені де жұмыспен қамтып отырғандар да бар. Қызылордалық Ботагөз арқашбаева 7 жылдан бері ешкі шаруашылығымен айналысады. Асыл тұқымды ешкілерді шетелден алдыртып, сүт өнімдерімен айналысып келеді. Сұраныс та жоғары, - дейді ол. Жиын барысында Ботагөз сияқты сан салада жемісті еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдер “Ару-Ана” байқауының қорытындысы бойынша марапатталды. Үздіктер алты номинация бойынша іріктелді.
Ботагөз Арқашбаева, кәсіпкер:
Әрине, бұл үлкен мен үшін мотивация. Бұл марапатпен тоқтамау керек. Ары қарай жұмыс жасауға деген маған үлкен қозғаушы бір септік болды десем болады.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.