Қазақстан мен Ресей арасында өзара сауда айналымы өткен жылы 12 трлн 600 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылғы рекордтық көрсеткіштен асып түсті. Екі ел үкіметі ынтымақтастықты бекіту жолдарын қарастырды. Премьер-министр Олжас Бектенов Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Келіссөздер барысында үкімет басшылары ағымдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және екі ел басшыларының арасында жасалған уағдаластықтың іске асу барысын талқылады. Тараптар сауда және инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көліктік ынтымақтастық саласындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Олжас Бектенов өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және сауда өзара іс-қимыл салаларын кеңейтудің әлеуеті мол екенін атап өтті. Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин Қазақстанмен арадағы өзара сыйластық, сенім және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынасты нығайтуға басымдық берілетінін жеткізді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Екі ел арасындағы қатынастар экономикалық, гуманитарлық, мәдени салаларда жемісті дамуда. Сондықтан үкіметтер біздің елдеріміздің президенттері қол жеткізген уағдаластықтардың барлығын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салатынына сенімдімін. Өте маңызды келісімдерге қол жеткізілді, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды, оларды жүзеге асыру мақсатында екі үкімет жұмыс істеуі керек. Жалпы, сауда-экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда. Осыған дейін сәтті жүзеге асқан және алдағы уақытқа жоспарланған бірқатар ірі өнеркәсіптік энергетикалық жобалар бар.
Индира Бегайдар