Ресейге барған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володинмен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бүгінде екі ел парламентшілері достық топтары, әртүрлі халықаралық және аймақтық ұйым аясында белсенді жұмыс істеп келеді. Заң шығару мәселелері бойынша тәжірибе алмасады. Мәжіліс төрағасы Ресей мен Қазақстан шекарасындағы отандық жүк тасымалдаушылардың мәселелерін жедел шешу --- парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылдың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ресей парламентінің жоғары палатасының спикері Валентина Матвиенкомен кездесті. Ерлан Қошанов әріптесіне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстандағы маңызды өзгерістер туралы айтты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Ресей Қазақстан үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес, тату көрші. Мұны екі ел президенттері де үнемі айтады. Бүгінгі күні елдеріміздің арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Осы жылдар ішінде бізде 600-ден астам құжатқа қол қойылды. Жыл сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығайып, көшбасшыларымыздың арқасында әріптестіктің көкжиегі кеңейді.
Мәжіліс төрағасының сапары одан әрі Қазан қаласында жалғасады. Онда Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановпен және Республика Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездеседі.