Аймақтарда тебіндей алмай жылқы қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда тебіндей алмай жылқы қырылып жатыр

04.03.2024

Еліміздің бірнеше өңірінде жылқы қырылып жатыр. Ақпан айы шаруаларға жайсыз тиді. Ұлытау, Павлодар және Ақмола облыстарында қалың қардың арты жылымыққа ұласып, жердің беті мұз құрсанған. Тебіннен қалған жылқы азық таппай аштан қырылуда. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Шаруаларға өлген малдың құны өтеледі ме? Жергілікті билік қандай шара қолдануда? Толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Ақмола облысында жүздеген жылқы қырылып қалды. Әсіресе, Біржан сал, Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Зеренді аудандарында жағдай күрделі. Шаруалар көк мұзда тебіндей алмай, әлсіреген малды қораға қамап, амалдап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі өңірге комиссия жіберіп, жедел штаб құрылды. Жайылымда жүрген 74 мыңға жуық жылқыны қолға ұстау керек. Малға жем жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Жанат Атымтаев, Дөңгілағаш ауылының тұрғыны:

Жылқы, міне, жүдеп, құлап жатыр далада. Өлгендер бар. Өзіміз бір үйір жылқымызды әлі таба алмай жатырмыз. Он бес бас. Соны іздеумен, міне, күніміз өтіп жатыр. Құлайды, күнде көтерем. Құлайды. Жағдай қиын. Қабырғалары көрініп тұр.

Ал Павлодар облысының Екібастұз, Ақтоғай, Ертіс, Железинка аудандарында шаруалар арнайы техниканы жалға алып, қырда қар аршуға кіріскен. Өңірде нақты қанша жылқы өлгені жайлы ақпарат жоқ. Жергілікті әкімшіліктер шығынға батқан шаруашылықтардың тізімін дайындады. Қазір оларға тауарлық несие түрінде арпа мен бидайдың жармасы берілуде. Өсімі жоқ. Қайтарымы күзде. Ақшалай немесе астықпен есеп айырысуға болады.

Жұмабай Әбелдінов,  шаруа:

Әр округте жылқы малына қиын болып тұр. Тебіндегі малдың бәріне қиын биылғы құрғақшылықтан кейін. Сондықтан осындай кезде бірігіп, сондай азаматтарға көмектесу керек. Ол қиын жағдай енді.

Ұлытау облысында да жағдай ушығып тұр. Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласы тұсындағы ауылдарда да жылқы қырылған. Дегенмен кімнің малы екенін анықтау мүмкін болмай тұр. Себебі ветеринариялық базаға тіркелмеген. Малы қырылғаны жөнінде ешкімнен шағым түспеді дейді мамандар. Ресми мәлімет бойынша, 70-ке жуық жылқының өлексесі табылған. Ал жергілікті жұрт қырылған мал бұдан да көп дейді.

Өткен күзде мал азығын дайындау үшін шаруаларға 1,4 млрд тг субсидия берілген. Мал басын сақтандыруға бөлінген 50 млн теңге де игерілмеген. Өңірде бірде-бір бас мал сақтандырылмаған.

Бағлан Аймырзаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Департамент директорының міндетін атқарушы:

Олар өз малдарын сақтандыратын болса оның бюджет есебінен 80 пайызын өтеуге болатын еді. Енді көріп отырмыз ғой, малдың иелері жоқ. Базада тіркелмеген. Сол себептен шығынын өтеу мүмкін емес. бұл жерде әрбір мал иесінің өзінің жауапкершілігі.

Аймаққа арнайы келген министрлік өкілдері өңірде төтенше жағдай жариялауға ешқандай негіз жоқ дейді.

Хабарламаларға жазылу