Сыр өңірінде көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күніне орай, «Анаға тағзым» республикалық форумы өтті. Жиынға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, түрлі салада еселі еңбек етіп жүрген іскер әйелдер мен алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетті. Әйелдер қауымы отбасы құндылығын сақтап қана қоймай, ұлттың ұйытқысы, халықтың үні ретінде саяси реформаларды жүзеге асыруға атсалысып жүр. Елдік істердің басы-қасында жүрген қыз-келіншектерге құрмет қашан да жоғары екенін атап өткен министр, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның атқарған жұмысына тоқталды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Бүгінде әйелдер қауымы түрлі салада аянбай еңбек етіп, ел игілігі жолында қажырлы қызмет атқарып келеді. Егемен еліміздің дамуы мен гүлденуінде қыз-келіншектердің де үлесі зор деп білемін. Сондықтан әйелдердің қоғамдағы рөлін, мүмкіндіктерін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Бүгінде облыс халқының 49,8 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Олардың 17 мыңға жуығы «Алтын» және «Күміс» алқа иегері. Форум соңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және демографиялық ахуалдың жақсаруына үлес қосқан нәзік жандар, Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бексұлу Сенаева, көпбалалы ана:
Жастайымнан еңбекке араластым. Жаз болса күріш ектім, қыста сауын саудым. Сол еңбегім еленіп, 2 рет жоғары Советінің депутаты болдым 10-11 сайланған. Бүгін осындай үлкен құрмет көрсетіп жатыр. Бәріне үлкен рақмет.
Азамат Бейбітұлы