Маңғыстау облысында қатерлі дертке шалдыққан балалардың қатары көбейіп барады. Мамандар ай сайын бір баладан жаман ауру анықталады дейді. Ал оларды емдету үшін Астана мен Алматыдағы орталықтарға жылына бірнеше мәрте апаруға тура келеді. Сондықтан ата-аналар жол шығынын мемлекет өтеп берсе деп өтініш айтады.
Ақтаулық Нұргүл Мұхантаеваның 3 жасар қызы қатерлі дертке шалдыққан. Алматылық дәрігерлер бүлдіршіннің бауырында 3-дәрежелі ісік барын анықтады. Тамыз айынан бері анасы қызын Алматы қаласына 5 рет апарып, химиялық терапия алды. Ота жасатты. Соның барлығында көп балалы әйел, екеуінің ұшақ билеттерін бірін қарызданып, бірін несиеге алған.
Нұргүл Мұхантаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Барып-келу қиын, келесі баратын уақытты ойлап отырмын. Енді мүмкін емес қой, 100 мыңға шығады билет. Жақындаған сайын қымбаттайды. Ұшуға мұқтаж деді. Денсаулық басқармасына барғанымызда Маңғыстау өңірі жатпайды деді. Қайтарылмайды деді ақша.
Нұргүл Мұхантаеваның айтуынша, Алматы мен Астанадағы онкологиялық орталықтарда Маңғыстаудан бала көп. Олардың да ата-аналары қиналып жүр. Көбі баласын емдету үшін, жұмыстан шығып қалған.
Гүлзира Ізбасова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Бізге ешқандай жол ақысы ештеңе төленбейді. Біз жол ақыға ақша табу үшін өте қиын жағдайда боламыз. Өйткені бұл Ақтау қаласында емделмейді. Сол үшін біз Алматы қаласында ем алып жатырмыз. Бізге проездге төлеуіңізді талап етеміз.
Ата-аналардың жан айқайын алдымен Денсаулық сақтау министрлігіне жеткіздік. Ведомства тегін қатынау мәселесін жергілікті құзырлы органдар шешуі тиіс деп, жазбаша жауап қайтарды. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы болса, министрліктен бұйық келмей, төленбейтінін жеткізді.
Асқар Махмутов, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Қатерлі ісікті емдеу, ота жасау, химия терепия, радиология салалары –мамандандырылған медициналық көмекке жатады. Бұл 2 жыл бұрын Денсаулық Кодексінен алынып тасталды. Сондықтан төленбейді. Біз бұйрыққа сәйкес, жоғары технологиялық медициналық көмекке мұқтаж науқастардың ғана бару-келу жолын төлеп отырмыз.
Басқарма басшылығы мамандандырылған медициналық көмекті Кодекске қайта енгізуді сұрап, министрлікке хат жолдауға уәде берді. Бұйрық келсе, жергілікті бюджет есебінен төлеудің жолдары қарастырылмақ.
Аягөз Орлбайқызы, тілші:
Өзге өңірлер Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары болса, науқас балалардың химиялық терапияға ұшақпен тегін барып-келуін ұйымдастырып қойған. Онда мәслихаттың шешімімен, бюджеттен қаржы бөлінеді. Маңғыстаудағы жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз. Себебі, мәселе өзекті, аймақта қатерлі дертке шалдыққан балалар көбеюде. Ай сайын 1 науқас бала тіркеледі. Қазір ауыр дертке шалдыққан 180 бүлдіршін бар.
Аягөз Оралбайқызы