Түркістанда үздік ғылыми қызметкерлер мен оқытушылар марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда үздік ғылыми қызметкерлер мен оқытушылар марапатталды

01.03.2024

Түркістанда еліміздің жоғары оқу орындарының үздік ғылыми қызметкерлері мен оқытушылары марапатталды.

Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, көпшілікті көктемнің алғашқы мерекесі – алғыс айту күнімен құттықтады. Одан кейін Жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын марапаттады. Биыл бұл құрметке еліміздегі 43 жоғары оқу орнынан 150 оқытушы лайық деп танылды. Олардың әрқайсына 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы мен арнайы төсбелгі берілді. Ал «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауы бойынша 50 ғалым жеңімпаз деп танылды. Биыл үздік ғалымдарды анықтау үшін Жаратылыстану, Медицина, Ауыл шаруашылығы, Инжиниринг және технология, Әскери және ұлттық қауіпсіздік, Әлеуметтік және Гуманитарлық ғылымдарға басымдық берілген. Марапатталғандардың арасында Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғыылыми қызметкері Қуандық Жүнісов те бар. Ол – пандемия кезінде елімізде алғаш өндірілген КазВак вакцинасын шығарушылардың бірі.

Қуандық Жүнісов биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты микро ағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі:

Біздің негізгі айналысатын ғылыми зерттеу бағыттарымыз, жануарлар мен адамдардың, құстардың жұқпалы ауруларымен айналысамыз. Соларға қарсы вакцина әзірлеу және басқа да вирустарды зерттеумен айналысамыз. Қазіргі кезде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы еңбегімізді бағалап, «үздік ғылыми қызметкер» мемлекеттік конкурсының жеңімпазы атандым.

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

Биылғы жылдың ерекшелігі – Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр ЖОО-нан, әр ғылыми зерттеу институтынан ең мықты, жемісті әрістертерімізді жинадық. Мақсатымыз – бүгінгі алғыс күні, көктемнің алғашқы күнінде ғылымға, білімге үлес қосып жатқан әріптестерімізге министрліктің және өзімнің атымнан алғыс білдіргіміз келді. 


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу