Бүгін түнгі 12:00-де, яғни 4 сағаттан кейін Астана уақытымен жүретін 12 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада уақыт бір сағатқа кері шегеріледі. Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны Үкімет қаңтарда бекіткен болатын. Алайда, уақыттың бір сағат кейін шегерілетінін түсінбей, ерте тұрамыз ба, кеш оянамыз ба деп жатқандар көп. Ұлттық арна тілшілері бүгін уақыттың қалай өзгеретінін жіктеп түсіндіріп бермек. Алдымен Астанадан бастайын. Досжан, кеш жарық. Сонымен, телефондағы уақытты өзіміз өзгертеміз бе, әлде өзі өзгере ме?
Досжан Маратұлы, тілші:
Рахмет, Шерхан. Телефоның интернетке қосылған болса, автоматты түрде уақыт өзі ауысады. Қазір бәрін рет ретімен түсіндіріп беремін. Сонымен, бүгінгі тәулік Астана уақытымен жүретін 12 облыс пен республикалық маңызы бар үш қала тұрғындары үшін 25 сағатқа созылады. Өйткені сағат тілі түнгі 12-ге жетерде яғни, 23.59-да, уақыт бір сағатқа кері шегеріліп, қайтадан 23.00 болады. Енді сағат тілін өзіміз өзгертуіміз керек пе? Уақыт қалай жылжиды? Мәселен мынадай смартфондар интернетке қосулы болса, алаңдауға негіз жоқ. Уақыт автоматты түрде жаңа белдеуге өзі көшеді. Ал қабырғаға ілінген болмаса, көліктегі электронды сағат, сондай-ақ мынадай қол сағаттардың тілін өзіңіз 60 минутқа кері айналдыруыңыз керек.
Уақыт еліміздің батысындағы 5 облыста ғана өзгермейді. Ал қалған өңірлердің тұрғындарына мынаны білген дұрыс. Бүгін олар үшін тәулік 25 сағатқа созылатынын айттық. Демек, кештен таңға дейін, яғни түңгі ауысыммен жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс уақыты 12 емес, 13 сағатқа созылып кетеді.
Сондықтан жұмыс істеген артық уақытқа үстемақы төленуі керек. Ал жолаушылар жолдан қалмауы үшін Қазақстан темір жолы поездардың қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Десе де 1433 нөміріне қоңырау шалып, уақытты нақтылап алған артық етпейді. Сол сияқты әуе компаниялары да ұшу, ұшып келу кестелерін өзгертеді. Автобус, метро сияқты қоғамдық көліктер бұрынғыдай кестемен жұмыс істей береді. Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты банк қосымшалары мен байланыс операторлары, сондай-ақ банкоматтар техникалық жұмыстар жүретіндіктен бірнеше сағат қолжетімсіз болуы мүмкін. Сондықтан қандай да бір маңызды жұмыстарды уақыт белдеуі ауыспай тұрып бітіріп алған дұрыс.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондай-ақ egov, e-otinish, e-notariat қызметтері де 22.00-ден 02.00-ге дейін жұмыс істемейтіні жайлы айтылған болатын. Ал қазақстандықтар үшін жұмыс уақыты әдеттегідей бұрынғы уақытта басталады. Тек бір сағат артқа шегерілгендіктен алғашқы күндері жұмыс уақыты кеш басталғандай көрінуі мүмкін. Бірақ бір екі күнде бұған да бойымыз үйреніп кетер. Шерхан.