Вашингтонда домбыра үйірмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтонда домбыра үйірмесі ашылды

29.02.2024

Америкада жүрген қазақстандықтар төл мәдениет пен өнерден ажырап қалып жатқан жоқ. Сол елде жүрген азаматтар жас буынның ұлттық мәдениетпен сусындауына барынша күш салып келеді. Мысалы Вашингтонда балаларға арналған домбыра үйірмесі ашылды. 

Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұрап, балалар домбыра тартудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Ұлттық аспапты үйренуге асық жасөспірімдердің саны уақыт өткен сайын артып келеді. Ең бастысы әр баланың бойында күй үйренеуге деген құлшыныс қуатты.

Үйірмедегі ұстаз – Бексұлтан Сейдулла. Ол бұған дейін Францияда тұрған. Сол елде домбыра үйірмесін ашып, екі жыл жемісті еңбек еткен. Енді Америкаға қоныс аударғасын үлгілі үрдісті үзбей, үйірменің жұмысын мұнда да сабақтады.

Бексұлтан Сейдулла, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

Бірінші қадам ретінде оңай күйлермен бастап, жоспарымыз бойынша «Балбырауын», «Адай», «Ерке сылқым» деген күйлерді үйрену.

Америкада балаларының домбыра тартып үйренгенін қалайтын қазақ отбасылар аз емес. Себебі Қадырша айтқанда, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра дегенді жадына тоқып өскен. Сондықтан келешекте бұл жерден күрделі күйлерді төгілтіп, қазақтың әуенін әуелетіп Америка жұртын тамсандыратын таланттар шығып жатса таң қалмаңыз.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу