Қазақстан мен Свердлов облысының арасында тауар айналымы артты. Шағын және орта бизнес тарапынан да әріптестіктің көкжиегі кеңейді. Қазақстандық делегация өңірге барып, ынтымақтастықты бекіту жолдарын қарастырды.
Индира Бегайдар, тілші:
Қазақстан мен Свердлов облысының арасында барлық салада ынтымақтастық жоғары. Былтыр сауда айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсіп, 2 млрд долларға жетті. Алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын көбейту жоспарда бар.
Қазақстан-Свердлов облысы үшін маңызды сауда серіктесі. Қазба байлықтар, машина жасау, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда ірі, ілкімді жобалар жүзеге асырылған. Былтыр Екатеринбург қаласында еліміздің Бас консулдығы да ашылды. Сондықтан бар әлеуетті толық пайдалану маңызды.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
Әр сапардың ең басты мақсаты - Қазақстанға инвестиция тарту, Қазақстандағы мүмкіншіліктерді жергілікті жерге айту. Талқылайтын сұрақтарымыз өте көп, сауда, өңіраралық қатынас, транспорт, экономика, логистика, осының бәрін біз бүгін кездесу барысында талқылаймыз.
Евгений Куйвашев, Свердлов облысының губернаторы:
Біз Қостанай және Шығыс Қазақстан облысымен әріптестікті тереңдетудеміз. Барыс-келіс үзілген емес. Енді өзге де салаларда жобаларды жүзеге асырсақ деген ниет бар. Мәселен, тау-кен ісі, медициналық жабдықтарды шығару және әрине, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық.
Свердлов облысының жоғары оқу орындары Қазақстанмен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосуы мүмкін. Нәтижесінде мамандар қос диплом ала алады деп болжануда. Мұндай формат ауыл шаруашылығы, медицина және теміржол көлігі саласында кадр даярлау үшін сұранысқа ие. Қазір Свердлов облысының университеттерінде 2 мың қазақстандық студент оқиды. Олар шетте жүрсе де, ұлттық дәстүрді ұлықтап, ана тілін дамытуға ерекше мән береді.
Мадияр Жұмағали, студент:
Осы Екатеринбургта төртінші курста театр институтында оқимын. Мамандығым театр мен кино әртісі болып келеді. Алдағы мақсатым Қазақстанға оралу, театрда жұмыс істеу, кинода өнер көрсету. Осы жақта жүрсек те, қазақ тілін ұмытпай, сағынып жүреміз.
Орал өңірінде оқып жатқан студенттермен кездесу барысында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев арнайы лекция оқып, жастарды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Жалпы бұл өңірдің оқу орындары қазақстандық университеттермен бірлескен ғылыми жұмыстарды жүзеге асыруға ниетті.
Индира Бегайдар