Түркістан облысында тұрғындар малды көршілес аудандарға апарып бағуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тұрғындар малды көршілес аудандарға апарып бағуға мәжбүр

29.02.2024

Түркістан облысында төрт түлікті жаятын жер таппаған тұрғындар малды көршілес аудандарға апарып бағуға мәжбүр. Өңірге қазір 600 мың гектардай жайылым жер қажет. Сондықтан, биыл игерусіз жатқан 60 мың гектар алқап кері қайтарылмақ. Сондай ақ, бұдан былай жайылым жерлер жалға берілмейді. Заңға өзгеріс енгенін естіген тұрғындар мал басын көбейтуге ниетті. Түркістан облысынан әріптесім Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Жазықсай ауылының тұрғындары жыл он екі ай төрт түлікті қорада қамап ұстайды. Сондықтан мал басын көбейте алмай отыр. Сатып алатын жем-шөптің бағасы жылда қымбаттайды.

Шағдар Жұматов, Жазықсай ауылының тұрғыны:

Шөпке де бірталай ақша кетеді. 500-500 мыңдай ақша кетеді. 500-600 мыңдай кетеді. Оның жемі бар. Жемін де сатып аламыз. Жайылым жоқ негізінде. Сондықтан қолдан жейді жем-шөпті.
Мәселен, бір ғана Жолдасбай Ералиев ауылдық округінде 14 елдімекен болса, соның тек Үтіртөбе ауылында ғана 50 гектар жайылым бар. 17 мың бас малға бұл таршылық етеді. Сондықтан, жұрт төрт түлікті басқа аудандарға айдап апарып, бағуға мәжбүр.

Сұлтанбек Қасымов, Ж.Ералиев ауылдық округінің әкімі:

Көктемгі мезгілде біз мұнау көршілес Келес ауданына малдарына апарып жатады сәуір, мамыр, маусым айларында. Қалған шілде айынан бастап елдімекенге алып келеді. Өйткені өздерінің егістік егілген көкөністің жерлері босайды. Сол жерлерді жайылым ретінде пайдаланады.
Жайылым жер енді жалға берілмейді. Мал өрісіне жарымай келген жұрт заңға енгізілген өзгерісті естіп, дән риза.

Қалдыбек Садырбаев, Жетіқұбыр ауылының тұрғыны:

Президенттің қоғамдық жайылымға қол қойғанына қуаныштымыз. Халыққа сол қоғамдық жайылым мәселесі керек. Жер керек. Мал жайылым болса, мүмкіншілік болар еді мал басын көбейтуге.
Жалпы Түркістан облысына 600 мың гектардан аса жайылым жер қажет. Арнайы құрылған комиссия қазір пайдаланылмай жатқан алқаптарды кері қайтарып жатыр.

Серік Дабаров, Жетісай аудандық ауы лшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

20 гектарды мемлекет меншігіне өз еркімен қайтарды. Қалған 200 гектарды қайтару бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті деген бар облыста, соларға құжаттарымен несін жібереміз шара көруге.
Облыста соңғы 5 жылда 200 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жердің бәрі халыққа қайтарылды. Биыл 60 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтеді. Бұдан бөлек, ортақ жайылым көлемін ұлғайту үшін арнайы қордағы 125 мың гектар жер ауыл тұрғындарына беріледі.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу