Уақыт белдеуінің өзгеруі: Кәсіпорындар шығынға батуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уақыт белдеуінің өзгеруі: Кәсіпорындар шығынға батуы мүмкін

28.02.2024

Уақыт белдеуінің өзгеретіні айтылғалы бері көпшілік тарапынан түрлі сұрақ көбейді. Мамандар бұл экономикалық және биологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді деп жалпылай жауап бергенімен, тәптіштеп түсіндіріп жатқан жоқ. Бұған әсіресе, кәсіпкерлер алаңдаулы. Тәулік бойы жұмыс істейтін кәсіпорындар күні бұрын қамданбаса, шығынға батуы мүмкін, - дейді сарапшылар. Ол қандай шығын, тілшіміз Динара Жарқынбек зерттеп көрді.

Иә, уақыт белдеуінің өзгеретіні айтылғалы бері көпшілік тарапынан түрлі сұрақ көбейді. Мамандар бұл экономикалық және билологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді деп жалпылай жауап бергенімен тәптіштеп түсіндіріп жатқан жоқ. Бұл Әсіресе, кәсіпкерлер алаңдаулы. Тәулік бойы жұмыс істейтін кәсіпорындар күні бұрын қамданбаса шығынға батуы мүмкін, - дейді сарапшылар. Ол қандай шығын, тілшіміз Динара Жарқынбек зерттеп көрді.
уақыт белдеуі: кәсіпкерге кеңес

Уақыт белдеуінің өзгеруі – көптеген кәсіпкерге уайым болды. Әсіресе, тәулік бойы қызмет ететін бизнесмендер бұл жаңалықты естігенде аздап абдырап қалғандарын жеткізді. Солардың бірі – Астаналық Гүлбағда Наурызбаева. Оның қала орталығында таңға дейін жұмыс істейтін дәріханасы бар. Ол шығынға батпаудың жолын іздеп, өндіруші компаниядан кассалық аппараттың сағатын өзгертуді сұраған. Енді құрылғы автоматты режимде тұр дейді.

Гүлбағда Наурызбаева, фармацевт:

Кассавый аппарат бізде автоматизированный. Өзін-өзі реттейді, біздің оған қатысымыз жоқ ешқандай. Өндіруші компания өздері ауысады деп хабарландыру берді.
Жағдайдың анық-қанығын білу үшін, кассалық аппараттың негізін қалушы Ерлан Ахметовпен байланыстық. Оның айтуынша, есеп машинасының екі түрі бар. Бірі - автоматтандырылған, яғни мұнда ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Ал, екіншісі - қарапайым бақылау кассасы. Егер, тәулік бойы қызмет ететін нысандар дәлі осы ескі форматтағы аппаратты пайдаланса, сағатты өздері ауыстырады. Оны дер кезінде жасамаса, үлкен шығынға батуы мүмкін, - дейді. Өйткені, фискалдық чекте әрбір минут маңызды.

Ерлан Ахметов, кассалық аппараттың негізін қалаушы:

Уақыт белдеуі ауысқан кезде кәсіпкерлердің жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін. Егер оған дұрыстап дайындалмаса. Өйткені, техникалық регламент бойынша кассалық аппараттардың жұмысы кассалық чек бергеннен кейін артқы уақытпен чек беруге болмайды. Қазақстан заңы бойынша чексіз тауар сатуға болмайды. Сондықтан, онда шығын болуы мүмкін.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, бизнес өкілдеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Өйткені, өндіруші компаниялармен бірлесе барлық кедергілерді шешу жолын қарастырып жатыр. Сондай-ақ, маман комитеттің инстаграмдағы желісінде бұл бойынша арнайы нұсқаулық видеосы барын да еске салды.

Данат Кезембаев, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:

Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер комитеті бақылау кассаларының өндірушілерімен бірігіп жұмыс атқарып жатыр. Түнде уақыт ауысқан кезде бизнес өкілдеріне еш қиындықсыз өтетін жағдайын жасап жатырмыз. Бақылау кассалық машиналарда чектерде дұрыс уақыт болмағанда оларға өзіміздің тарапымыздан ешқандай кедергі, ешқандай айыппұл салынбайды.
Сондай-ақ, сала сарапшылары саудаға соққы болмас үшін сағат тілін сәті түскенде, яғни, үзіліс кезінде ауыстыруға кеңес береді. Сонда ешбір кәсіпкер шырғалаңға түсіп, шығынға ұшырамайды, - дейді.

Хабарламаларға жазылу