Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыратын жоба іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыратын жоба іске қосылды

28.02.2024

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы жаңа қарқын алады. Бүгін Сиань қаласында екі елдің бірлескен жобасы аясында көлік-логистика терминалы іске қосылды. Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясының инновациялық орталығына барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жобаны телекөпір арқылы іске қосты. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. Қытай мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі. Ал жаңа терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа нарықтарға жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады. Осылайша контейнерлер тиелген алғашқы пойыз Сиань қаласынан, Алтынкөл станциясы арқылы Әзербайжанның Абшерон портына жол тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек.
Сиань ежелгі Ұлы жібек жолы бастау алатын аймақ. Ертеден сауданың күре тамыры саналған бағытты қазіргі уақытта да кәсіпкерлердің алыс-берісін арттыруға ыңғайлап берсек экономикалық әсері мол болады дейді сарапшылар.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

Ашылып жатқан порт бірінші кезекте салықтардың түсуін жетілдіреді. Екіншіден біздің инновациялық цифрлық дамудың мүмкіндігін арттыратын дүние. Сол үшін де біздің ең басты мақсатымыз осы транзиттік мүмкіндігімізді барлық осы поток өтетін жолдардағы қалалармен де өңірлермен де байланыстыруымыз керек. Яғни ол тек қана біздің Республикалық бюджетке түсетін түсімдер емес сонымен қатар жергілікті бюджеттің де қаражатын қамтамасыз ететіндей жағдай қалыптастыру керек.
Жүк тасымалы бағытын таңдау кезінде негізгі басымдық жылдамдыққа беріледі. Сондықтан Қазақстан арқылы өтетін пойыздарды бөгемеу үшін «Ақылды теміржол» жобасы іске қосылмақ. Ол үшін Хуавэй компаниясы арнайы бағдарлама әзірледі.

Осылайша «Пангу» жасанды интелект жобасы Қазақстан Темміржолы Ұлттық компаниясына ресми табысталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр.
Бітпейтін бюрократия, кедендегі кедергілер көптен айтылып жүрген проблема. Мәселені шешу жолын жаһандық компания ұсынып отыр.

Уи Тан Йонг, Global DTC компаниясының бас директоры:

Цифрландырудың арқасында бірнеше сағатқа созылатын транзиттік деклорацияны бірнеше минутта жүзеге асырамыз. Процесс адамдардың қатысуынсыз электронды түрде жүреді. Жаңа жоба ашықтықты да қамтамасыз етеді. Енді бұл платформаны Қазақстан арқылы өтетін барлық маршрутқа орнатамыз.
Ал вагондар мен жүктің техникалық жағдайын қазақстандық компания бақылап отырмақ. Президент те Отандық ІТ компаниялардың мүмкіндігін пайдалануды қолдайтынын айтты. Сарыағаш станциясында тексеруден өткен жүйе енді Қазақстанның барлық аумағына енгізілмек.

Бауыржан Айтілеу, «Alan Tech» ЖШС директоры:

Бүгінде вагондар мен жүктің техникалық жағдайын қызметкерлер қарапайым тәсілмен, былайша айтқанда көзімен көріп, қолымен тексереді. Ол бірнеше сағатқа созылады. Ал біздің жүйе бейнекамералар, лазерлер мен түрлі датчиктердің көмегімен мұның барлығын автоматты түрде бірнеше минутта жүргізеді. Бұзылған немесе дұрыс жұмыс істемей тұрған тұсы анықталса жасанды интелект оны оператордың мониторына бірден шығарады.
Теміржол арқылы батысқа жеткен жүкті Каспий теңізімен Әзербайжанға, одан әрі Еуропаға жеткізу үшін порттың мүмкіндігін арттыру маңызды. Мұны Қытайлық компания қолға алған.

Ян Лонг, Lianyungang Port Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

Біз ҚТЖмен Ақтау порты базасында контейнерлік хабтың құрылысы бойынша келісімге қол қойдық. Интелектуалды және цифрлық технологияларды қолдана отырып, оны, жоғары технологиялы, ең озық портқа айналдырамыз.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан арқылы өтетін транскаспий дәлізінің әлеуетін арттыруға шығыс та батыс та мүдделі. Ал бізге экономикалық жағынан өте тиімді. Бүгін ашылған жаңа терминал Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан темір жолында өткен жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу