Ғалымдардың жалақысына үстемақы қосылады. Мәжілісте ғылым туралы жаңа заң жобасы қабылданды. Оған сәйкес ғылыми дәрежесі үшін сала мамандарының жалақысы өспек. Бұдан бөлек, әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығы беріледі. Бұл өңірлердегі ғылыми әлеуеттің дамуына әсер етеді дейді заңды таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов. Оның сөзінше, қазір жер қойнауын пайдаланушылар салаға бөлу керек қаражатты орынсыз жұмсап келеді.
Заң бойынша олар 1 пайыз табысын осы бағытқа бөлу керек. Алайда ақша ғылымға қатысы жоқ басқа бағыттарға кетіп жатыр. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ дейді ол. Енді осы жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу бойынша міндеттемелер белгіленбек. Сонымен қатар арнайы қор есебінен дарынды жас ғалымдарды қолдау үшін стипендия тағайындау туралы норма енгізілді. Ал әскерге барып өз борышын өтеген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер ұсынылады.
Шерхан Жамбылұлы