Абай облысында мал бордақылау алаңдары көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында мал бордақылау алаңдары көбейді

28.02.2024

Абай облысында мал бордақылау алаңдары көбейді. Қазір өңір шаруалары 25 мыңнан астам түлікті жемдеуге қойған. Малды семірту үшін мемлекет арнайы субсидия бөледі. Сондықтан табысты істі кәсіп еткендердің саны жыл санап артуда. Тек Ақсуат ауданынының өзінде 50-ден астам шаруа бордақылау алаңдарын құрып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бір ғана Көкжыра ауылында мал семіртетін 12 алаң бар. Самат Қондықбаев 10 жылдан бері осы іспен айналысады. Шаруа жеке қорасында сиырларды жарты жылға дейін жемдеп, табыс тауып отыр.

Самат Қондықбаев, Көкжыра ауылының тұрғыны:

8 бас, 10 бастан басталған. Қазір Аллаға шүкір ақырындап ұлғайып келеді. 35, 25 мал қойылады. Жылына 70 келі, 80 келі салмақ болады жаңағы 8 айлық, 9 айлық бұзауда. Сатқан кезде 140, 130, 150 келі тартады.

Екпін ауылының тұрғыны Қайырлы Хасенов болса өңірдегі ең ірі бордақы алаңын құрған. Жылына мың басқа дейін ірі қараны жемдейді. Оған қоса 60-70 бас жылқы байлап отыр.

Қайырлы Хасенов, Екпін ауылының тұрғыны:

Қыс кездерінде қазан, қараша айынан бастап, мамыр, маусым айына дейін жылқыны бордақылауда ұстаймыз. Өйткені жылқы жайылымнан шығатын болғандықтан қыс кезінде семіз жылқылар аз болады. Сондықтан семіз жылқыға сұраныс болғандықтан малды дайындап береміз.

Ауданда соңғы жылдары ірі бордақы алаңдар көбейген. Өйткені мемлекеттен семіртілген түліктің өз құнынан бөлек, әр малға 50-60 мың теңге мөлшерінде субсидия беріледі. Оған қоса шаруалар ірі қараны асылдандырғаны үшін де қаржы қарастырылған.

Еркебұлан Шотбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

50 бастан жоғары істеп тұрған 12 мал бордақылау алаңдары тіркелген. Олардың ең көбі 4 мың бас. Ең азы 50 бас. Ішінде 100 бас, 200 бас, 1500 бас бар. Малды қойып, бордақылап, үлкен бордақылау алаңдарына өткізсе тірі салмағына 200 теңге субсидия беру қарастырылған.

Қазір облыста 25 мыңнан астам мал байлауда тұр. Ал Ақсуат ауданында төрт түліктің сапасымен қатар саны да еселенген. Өңірде 115 мың ірі қара, 196 мың қой болса, жылқы саны 28 мыңға жетті.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу