Майқайыңда бір аптадан бері су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майқайыңда бір аптадан бері су жоқ

27.02.2024

Майқайыңды ауыз сумен қамту күрделі мәселеге айналып барады. Орталықтандырылған су құбырынан ажыратылған 10 мың тұрғыны бар кентке тіршілік нәрін көлікпен тасып үлгермей жатыр. Ал, магистраль бойындағы ақаудың қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. Апаттың салдарын жоюға өзге кәсіпорындардың жұмысшылары тартылып жатыр. Оқиға орнынан әріптесім Болат Аманбаев жеткізеді.

Болат Аманбаев тілші:

Коммуналдық апаттың нағыз ошағы осы. Ағып жатыр, жағып жатыр. Әбден болмаған соң, Қарағанды, Астана, Абай облысынан бу генераторларын алдырыпты. 200 атмосфералық қысыммен ыстық бу бүркуге арналған бұл аппараттанда нәтиже шамалы болып тұр.

Қатып қалған құбырларды жылытудың жалғыз жолы- қара жұмыс. Адам тапшы болғандықтан Екібастұз қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардағы жұмысшылар тартылған.

Евгений Лупай, жұмысшы:

Негізі біз үй саламыз. Басшыларымыз көмек беру керек деген соң келдік. Таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Содан кейін екінші ауысым келіп түні бойы осында болады.

Бастапқыда мұз байланып, су жүрмей қалған аумақ 600 метрдей ғана еді. Бірақ қатты аяз 6 шақырымға дейінгі құбырды қатырып тастаған.

Болат Аманбаев, тілші:

Апат аумағындағы құбырлар жердің астымен де, үстімен де өтіп жатыр. Оларды жібітудің жалғыз жолы астынан балон қояды, үсітнен шпал салады, сосын көмірмен көмкеріп от жағады. Басқа амалы жоқ көрінеді.

Ұзындығы 60 шақырым магистраль бойындағы «Богатырь-Көмір» кенішінде де бір аптадан бері су жоқ. Ал, Майқайың кенті күніне 250 текше метр тіршілік нәрін алып отыр деген әкімшіліктің ақпараты жалған болып шықты.

Егор Краснов «Екібастұз қалалық су арнасы» МКМ бас инженері:

Қазіргі уақытта бұл магистральден Майқайыңға су барып тұрған жоқ. Тұйықталып қатып жатқандықтан су жүрмейді. 4 шақырым құбырды жылыттық. Әлі екі шақырымдай анық бар. Содан кейін барып ұзына бойын тексеріп шығамыз.

Қайриден Иманбеков, Майқайың кентінің тұрғыны:

Ешқандай су жоқ. Алдынғы күні водовозбен әкеп таратты. Кейбір үйлерде құйып алатын ыдыста жоқ. Баклажкамен алдық, ол немене болады? Кеше бергі көшеге әкелді деді, енді көше-көше сайын баклажка алып жүгірмеміз ғой. Сол бойы сусыз отырмыз.

Апат салдарын жоюға 150 адам, 40 тан аса арнайы техника жұмылдырылған. Жағдайдың қашан тұрақталатынын ешкім дөп басып айта алмайды.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу