Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 60-қа жуық азамат өз кәсібін бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 60-қа жуық азамат өз кәсібін бастады

27.02.2024

Жетісу облысының Панфилов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарлмасымен 60-қа жуық азамат өз кәсібін бастап, берекелі табыс көзін тапты. Жеңілдетілген несие алғандар қатарында Минура Қасымжанқызы да бар. Сарыбел ауылының тұрғыны 6,5 млн теңгеге мақта өңдейтін және матрас тігетін қондырғылар алып, көрпе тігуге кірісті. Ауылда ұлттық нақыштағы көрпеге сұраныс көп. Әсіресе қыз жасауына тапсырыс мол дейді кәсіпкер.

Минура Қасымжанқызы, Сарыбел ауылының тұрғыны:

Кәсіпті бастағалы құдайға шүкір болып жатыр. Қыздар тұрмысқа шығып, құдалық, қоныс той деп барлығы алып кетіп жатыр.

Жалпы Панфилов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 370 млн теңге игерілді. Қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласын қамтыды. Несие алушылардың 50 пайызы мал бордақылаумен айналысты.

Сондай-ақ сабын жасау, көлік тасымалы және тағы басқа кәсіпті қолға алғандар бар. Ең бастысы жаңа кәсіп бастаған адамдар қосымша жұмыс көзін ашып жатыр.

Ерлан Нарымбаев, Панфилов аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

Жұмыссыздық мәселесін де шешіп жатыр. Әрбір ашылған кәсіп иесі ол кәсіпті одан ары қарай жүзеге асыруға міндетті түрде жұмыскерлерді жұмысқа алады. Соның арқасында, бұл бағдарлама аясында өте көп жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу