Құрғақшылықтан қатты зардап шегіп жатқан АҚШ штаттары кәріз суын ауыз суға айналдыруға мәжбүр. Калифорния сумен қамту мекемелеріне дәретханадан шыққан суды қайта өңдеп, онымен үйлер мен мектептерді және кәсіпорындарды қамтуға рұқсат берді.
Суды тазарту мекемесінің өкілі кәріз суы мен одан тазартып алынған суды салыстыра көрсетіп тұр. Әбден сүзгіден өткен екіншісінің мөлдірлігін шыны құтыдан анық көруге болады. Кәріз суын ауыз су ретінде пайдалануға рұқсат беру мәжбүрлі қадам. Себебі, қырық миллион тұрғыны бар өңір үш жыл қатарынан құрғақшылықтан зардап шегіп отыр. Су қоймаларының түбі көріне бастады. Сондықтан бұған дейін дәртханадан шыққан суды тек егін алқаптарына ғана қолданатын штат енді амалсыз оны ауыз су ретінде пайдаланбақ.
Кирстен Струве, сумен жабдықтау мекемесінің өкілі:
Калифорнияда құрғақшылықтан көз ашпай тұр. Оның үстіне климаттың өзгеруі жағдайды тіпті нашарлатып жіберді. Қайта өңдеу су тапшылығын жоюдың амалы, елдің сұранысын қанағаттандыру үшін қажет. Сондықтан да біз осы нысанды аштық.
Жалпы, дәретқана суын қайта өңдеп пайдалану ісі осыдан жиырма жыл бұрын қолға алынғанымен тұрғындар қарсы болып, тың жоба жылдар бойы жүзеге аспай келді. Алайда, ауыз су тым қымбатқа түсіп жатқан көрген халықтың қазір пікірі өзгерді дейді мамандар. Бекітілген ережеге сәйкес, кәріз суы үш деңгейлі тазарту сүзгісінен өтеді. Сонымен қатар вирус, бактерия секілді түрлі микроорганизмдерден қосымша тазартылады. Ол үшін озон газы, күшті дезинфекциялық тотықтырғыш пайданылады. Мамандар мұндай тыңғылықты процестерден өткен кәріз суы ауыз судан да таза болады деп отыр.
Лэйкиша Брайан, сумен жабдықтау мекемесінің өкілі:
Мен осындағы суды тазалауға қолданылатын барлық озық технологияларды көрген соң өндірілген суды алаңсыз ішуге болатынына көз жеткіздім. Әсіресе судың сүзгіден өткенге дейінге және одан кейінгі күйін қарап таң қаласың. Соңында өте мөлдір әрі таза болып шығады.
Қайта өңделген кәріз суы ауыз су ретінде үйлер мен мектептерге және кәсіпорындарға жіберіледі. Бұған дейін Колорадо дәретхана суын кәдеге жарата бастаған еді. Осылайша, Калифорния бұл тәсілді қолға алған екінші штат. Өңір су тазалайтын кәсіпорындарырның санын еселеп көбейтпек. Ол үшін алдағы жиырма бес жылда 27 миллиард доллар жұмсайтындарын мәлімдеді.
Жалғас Сәдібекұлы