Еуропаның фермерлері Брюссельді тракторларымен басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаның фермерлері Брюссельді тракторларымен басып алды

26.02.2024

Еуропада фермерлердің ереуілі күшейіп барады. Ашынған шаруалар бүгін наразылық акциясын Бельгия астанасы Брюссельде жалғастырып жатыр. 3 мыңға жуық адам тракторларымен қаланың басты көшелерін жауып, көлік қозғалысын қиындатты. Оқиға орнынан тілшіміз Нұрсұлу Қасым байланысқа шығып тұр. Нұрсұлу, ереуілдің басылатын түрі бар ма?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Ереуіл өршімесе, басылатын түрі жоқ. Бельгия, Франция, Нидерланд, Германия фермерлері тракторларымен Брюссельді басып алды. Көшелерді жауып, көлік қозғалысын қиындатуда. Қалада жүріп-тұру қиын. Бірқатар метростанциясы жабылды. Полиция қызметкерлері Еуропалық институттар орналасқан алаңды қоршауға алды. Сол тәртіп сақшыларына шаруалар картоп, жұмыртқа лақтырып, көліктің дөңгелектерін өртеп, наразылық акциясын күшейтуде. Себебі дәл қазір осы жерде Одаққа мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлерінің отырысы өтіп жатыр. Шенеуніктер жанайқайымызға құлақ түрсе дейді.

Дидье Ван Грейт, бельгиялық фермер:

Біз бюрократияны азайтуды, Еуроаймақта кеден салығын қайта енгізуді талап етеміз. «Жасыл экономика» деп шаруа қожалықтарын тұншықтыруды доғарсын.

«Өнімдеріміз өтімсіз, пайдадан қағылдық» деген фермерлер Украинадан, Латын Америкасынан импортталатын арзан тауарларға тосқауыл қоюды талап етуде. Және әкімшілік қысымды азайтуды сұрайды. Бүгінгі министрлер кездесуінен ешқандай нәтиже шықпаса, ереуілді әрі қарай жалғастыратындарын айтады. Фермерлердің ашуы қатты. Бейбіт түрде басталған шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласуы әбден мүмкін деп полиция көзді жасаурататын газ бен су шашатын көлікті дайындап отыр.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу