Атырау облысында ауыл тұрғындары өзен суын ішуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында ауыл тұрғындары өзен суын ішуге мәжбүр

26.02.2024

Атырау облысы Құрманғазы ауданында тұрғындар өзен суын шіп отыр. Оның өзінде судың келуі азайып, Шарон, Қиғаш өзендері жылдан-жылға тайызданып барады. Сол себепті суды соратын қондырғылар да жарамсыз күйде қайраңда қалған.

Ауданды басып өтетін Шарон мен Қиғаш өзендері жылдан-жылға тартылып барады. Әсіресе жазда жағдай тіптен қиын. Жерглікті халық осы өзен суын ішіп отыр. Басқа амалы жоқ. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт осы сумен егінді де суаруға мәжбүр. Себебі, техникалық су атымен жоқ.

Ерлан Аманжанұлы, «Құрманғазы су арнасы» ЖШС директоры:

Су алу мүмкіндігі болмағасын Астрахань-Маңғышлақ линиясына қосып жібердік қазіргі таңда. Ауыл өсті, үйлер көбейді. Сол себепті мына жинаған суымыз жетпей жатыр. Сондықтан біз тағы да қосымша қойма салып беруге ұсыныс жасадық жергілікті әкімшілікке. Енді оны шешпесе жазғы уақытта бізге қиын болады бізге су беру.

Айдыны суалған соң кезінде қыруар ақшаға орнатылған су соратын құрылғылар да құр босқа тұр. Кейбірі қазір тіпті іске татымайды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Негізінен су сорғы қондырғысының басы мінеки осы жерде болған. Уақыт өте келе Бұзауслан өзекшесі 10-15 метрге дейін тартылып, қазір құрылғы мына жерде жатыр. Бұл қазірдің өзінде пайдаға аспай тұр. Себебі судың мына жердегі тереңдегі небәрі 60 см.

Бисембай Рамазанов, бас инженер:

Мынаны көшіріп, негізгі арнаға Шарон өзенінің бойына қою керек. Астында жатып соратын емес, қалқымалы қою керек. Оның бір жақсысы су түсіп көтерілгенде бірге қалқып көтеріліп, су келгенде көтеріледі, су түссе түседі. Солай сорып тұрады.

Аудан халқын алаңдатқан мәселені облыстағы атқамінерлер біліп отыр. Алдағы уақытта су тазарту стансалары толық жаңғыртылуы тиіс. Су сорғылар толығымен қалқымалы, жүзбелі құрылғылармен ауыстырылмақ. Бірақ, әзірге бөлінген қаржы жоқ.

Асан Нұрғалиев, облыстық энергетика және түкш басқарма басшысының орынбасары:

Құрманғазы ауданы бойынша өтінім түсті. Сол өтінімді біздер мәслихатқа жолдаймыз. Биылға жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып биыл бітсе, келесі жылы соны жасауға қаражат қарастырылатын болады.

Жауаптылар техникалық су жүргізу мәселесі де жуырда шешімін табады деп сендірді. Шешу керек. Әйтпесе күн жылыса бүтін бір ауыл сусыз қалады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу