Әлемдік экономика қиындықтарды әлі толық еңсерген жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік экономика қиындықтарды әлі толық еңсерген жоқ

26.02.2024

Әлемдік экономика қиындықтарды әлі толық еңсерген жоқ. «2024 жылы да көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет келмек»,- дейді. «Әлемдік экономика болашағы» атты есебін жариялаған Дүниежүзілік банк. БҰҰ ның болжамы да осыған саяды. Жалпы, биылғы экономикалық өсім өткен жылғыдан да төмен болмақ.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Дүниежүзілік банк әр жылдың басында әлемдік экономиканың болашағына қатысты болжамын жариялайды. Биылғы есеп үміт пен үрейге толы. Бір жағынан АҚШ экономикасы рецессияға түспей, жаһандық дағдарысқа ұласпады. Әлемнің iрi экономикалары соңғы 40 жылда болмаған ең жоғарғы пайыздық үстеме мен инфляция ауыртпалығын қиындықсыз еңсерді. Әдетте мұндай факторлар соңы қаржылық құлдырау мен жаппай жұмыссыздыққа әкелетін. Алайда, болжамға қарағанда әлемнің көптеген елдерінде оның ішінде дамыған да, дамушы мемлекеттерде бар, 2024-2025 жылдары ең төмен экономикалық өсім болмақ.

Айхан Козе, Дүниежүзілік банкі бас экономисінің орынбасары:

Жаһандық экономика түрлі күйзелістерге қарамастан керемет төзімділігін көрсетті. Бірақ жаһандық экономикалық өсім 3 жыл қатарынан баяулап жатыр. Биыл шамамен 2,4 пайызға өседі. Былтыр бұл көрсеткіш 2,6 пайыз болған. Сондай ақ, жаһандық экономиканы әлі де көптеген қауіптер күтіп тұр.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

БҰҰ-ның да жаһандық экономиканың жақын болашағына қатысты болжамы көңіл көншітпейді. Геосаяси шиеленістердің күшеюі, климаттық апаттардың жиілеуі жаңа қауіптер тудыруы мүмкін. Ал iрi экономикалардың өсуінің баяулауы және әлемдік сауданың азаюы көптеген дамушы елдердің қарқынына кері әсер етеді. Оның ішінде әлемдік несие үстемесінің тым қымбат болып, инвестиция тартудың кемуі жағдайды тіпті ушықтырып жіберуі ықтимал. Кедей елдер жоғары пайызбен алған қарыздарын уақытылы өтей алмай қиналмақ. Әсіресе, азық-түлік тапшылығын сезіп отырған елдерде әрбір үшінші адам таршылыққа тап болады делінген баяндамада.

Хантану Мукерджи, БҰҰ ДЭСА экономикалық талдау және саясат бөлімінің директоры:

50-ден астам дамушы ел өз табыстарының 10%-н алған несиелерінің үстемесін төлеу үшін жұмсаса, 25 ел кредиторларға кірісінің 20%-на дейін беруге мәжбүр. Бұл олардың қаржылық күйзелістерге тойтарыс беру немесе халыққа білім және денсаулық сақтау сияқты негізгі қызметтерді көрсету мүмкіндіктерін шектеді.

Айхан Козе, Дүниежүзілік банкі бас экономисінің орынбасары:

2024 жылдың соңына қарай әрбір төртінші дамушы елдің халқы және табысы төмен елдердің шамамен 40%-ы КОВИД пандемиясына дейінгі уақытпен салыстырғанда әлдеқайда кедей болады. Бірақ әлі де жағдайды өзгертуге мүмкіндік бар. Бұл есепте нақты жолдары ұсынылған: оның ішінде үкіметтер экономикаға инвестиция құюды жеделдетуі және салықтық-бюджет саясатын жетілдіруі тиіс.

Жүзден аса мемлекеттің соңғы жетпіс жылдағы экономикалық дамуына жаһандық сараптама жасаған мамандар мынадай қорытындыға келген. Егер дамушы елдер жан басына шаққандағы инвестиция көлемін кем дегенде 4%-ға дейін өсірсе және бұл межені алты жылдан аса тұрақты сақтап тұрса кедейшілік деңгейі тезірек төмендейді, еңбек өнімділігі 4 есе артып, инфляция азаяды. Бірақ, несиенің қымбаттығы көп елге өз экономикасына тұрақты қаржы құюға мүмкіндік бермей тұр.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бұл 10 жылдық әлемдік экономика үшін жаңғыру кезеңі болуы тиіс еді. Адамзат алдында кедейлікті күрт азайту, iрi жұқпалы ауруларды жою және парниктік газдардың ауға таралуын екі есе қысқарту мақсаты тұрған. Алайда, әлем соңғы отыз жылдағы ең мардымсыз экономикалық өсімге тап келді. Сондықтан дүниежүзілік банк сарапшыларының айтуынша, нақты әрі батыл қадамдарсыз бұл жаһан үшін мүмкіндіктерді жіберіп алған он жылдық болмақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу