Құрылыс кодексі, оның ішінде мемлекеттік экспертиза мәселесіне тоқталғымыз келіп тұр. Өткенде Үкімет жасақталғанда Президент Құрылыс кодексін жақсылап жетілдіруді тапсырды – себебі бизнес-қауымдастықтан сауал көп екенін айтты.
«Кодекс жобасы қойған мақсатқа жауап бермейді. Жаңа тетіктер мен шешімдер жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қалай жылдам жетілдіргендерін қайдам, кодекс артынша Мәжіліске түсті.
Әрине, қып-қызыл пікірталас туды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин мен Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжімединұлы кәдімгідей сөзге келді.
Құрылыс кодексіне орай айтыс осымен бітпейтін сияқты. Белгілі саясаттанушы Оразғали Селтеев ақпарат құралдарына берген комментарийінде «Заңда құрылыс салушылардың мүддесіне сай лобби ашық қорғалған. Бұл салада тәртіптің жоқтығы сондай, алақандай жерге үй салу да, тіпті адамдардың опат болуы да тоқтамай тұр. Мәселе шенеуніктердің біліктілігінің төмендігі де емес, біреулердің мүддесін қорғау мен Президент тапсырмаларына саботаж» деген.
Рас, процедуралардың күңгірттігі, жобалаудың қайта-қайта түзетілетіні, тиісінше, қымбаттай беретіні, бытырлатып үй салып тастау, ал ол үйлердің жанында әлеуметтік нысандардың болмауы, техникалық бақылаудың әлсіздігі - сұрақ көп және еріксіз жемқорлық туралы ойларға сүңгисің.
Қатты дауыл тұрса шатыры ұшып, қабырғасы сөгілетін үйлерді де көріп жүрміз. Дауыл тұрмаса да. Амангелді Сейітханның материалы.
Талдықорғанда 100 шақты отбасы өз үйлеріне кіре алмай жүр. Себебі жаңа үйдің құжаты дайын, өзі дайын емес. Азаматтар мемлекеттік бағдарламамен алған үйде тұрмаса да 2 айдан бері ипотекасын төлеп жатыр.
Назира Нұрланқызы, тұрғын:
Қаңтардың аяғында кілтті берді. Кіресіздер әне-міне дегенде түк дайын емес. Линолеумдары дұрыс емес, қабырғада жарық бар. Не үшін біз ақша төлеп жатырмыз?
Дана Оспанова, тұрғын:
Өрескел қате. Қайтадан гипсокартонның бәрін ашып, қайта жасау керек. Өзінің бағасына тұрмайтын үй.
Тізе берсең олқылық көп. Ал соның бәрін көре тұра әкімдік үйді қалай қабылдап алғанын тұрғындар түсінбейді.
Рүстем Бершінбеков, қала әкімінің орынбасары:
Үй қабылданғаннан кейін ақаулар шығып жатыр. ГАСК-ке шағым жасадық. Мердігерді және технодзорды жауапқа тартамыз, лицензиясын аламыз.
Қала әкімдігі мен мердігер бәрін бір аптада түзеуге уәде берді. Бірақ тұрғындар сенбейді. Себебі осы жауапты естіп келе жатқанына 2 ай болған.
Бұл бір ғана мысал. Ал елдің әр аймағында осыған ұқсас жағдай көп. Сондықтан Президент құрылыс саласын реттеу үшін жаңа құжат әзірлеуді тапсырған. Осы аптада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа кодексті таныстырған. Бірақ бірден сынға қалды.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Өте әлсіз құжат. Үш заңды біріктіре салған. Бірақ ол жаңа нормалары адамдардың құқықтарын, адамдардың бостандықтарын қорғамайды. Құрылыс компаниялардың мүддесін қорғау үшін кезінде қабылданған нормалар, лобби нормалары осы құрылыс кодексіне кіріп кеткен.
Серік Рустамбеков, Сараптамалық ұйымдар палатасының президиум төрағасы:
Далевка дейді ғой, сол далевканы кіргізіп жіберген. 20 пайызы заңның сол далевкаға. Қазір барлық жемқорлық осы жер бөлу, жобаны өзгерту, бас жоспардан бастап тұрғын үйлердің жобаларын тығындап жіберу.
Көп жылдық тәжірибесі бар сарапшы Серік Рустамбеков саладағы сыбайластық нысанды жобалаудан басталатын айтады.
Серік Рустамбеков, Сараптамалық ұйымдар палатасының президиум төрағасы:
Қазір қалай? Бас жоспар бекітілді. Оны ірі қалаларда Үкіметтің үкімімен бекітіледі. Әкімдеріңіз көрінген жерде сол бас жоспарға қолын салады, өзгерту енгізеді. Оның өзінің нормасы бар. 1 гектарда 400 тұрғыннан артық болмау керек, ал қазір қарасақ бізде 3 есе тығыздалып кеткен.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бас жоспар бар және ПДФ бар. Оны 5 жылда өзгертуге болмайтын. 2018 жылы құрылыс лоббидің кесірінен 47-де 1 деген бапқа өзгеріс еніп, енді жылына 2 рет өзгертуге болады. Соның кесірінен барлық қалада қазір заңсыз құрылыстар көбейіп кеткен.
Бірақ құрылыс кодексін әзірлегендер бұл сынмен келіспейді.
Бегман Кульбаев, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры:
Мысалы, қолданыстағы заңда айтып отырғаны дұрыс бір жылдың ішінде 2 рет түзеуге мүмкіндік береді. Ал біздің кодексте 2 жылда бір-ақ рет түзету енгізуге мүмкіндік береміз. Яғни, ол 4 мүмкіндікке шектеу қойып отырмыз. Бұл арада лоббистік ештеңе жоқ.
Тағы бір талқы сараптамаға қатысты. Құжатта мемлекеттік сараптаманың үлесін көбейту көзделген. Өйткені, соңғы кезде жеке сараптамадан өткен нысандар сапасына сұрақ көбейген.
Бегман Кульбаев, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры:
3 күннің ішінде мысалы 2,5 мыңнан бастап нысандар оң қорытындысын алып сараптамадан өткен. Ол мүмкін емес. Қалай үш күннің ішінде бағасын қалай бересің. Оның конструктивтік жағынан тексеру үшін кемінде 2 апта кетеді.
Жеке сараптаманың аз уақытта көп берілуі сыбайластық күдігін көбейтеді деді маман. Ал сол жеке ұйым қалай тіркелетінін ескерсек, мәселе тереңде дейтіндер бар.
Серік Рустамбеков, Сараптамалық ұйымдар палатасының президиум төрағасы:
Аттестат кім береді. Осы құрылыс жөніндегі комитет береді. Ал енді қазір байқап отырсыз ол аттестатты сатып алу проблема жоқ. Сарапшы ретінде немесе жобалаушы ретінде. Оның барлығы министрліктің қолында. Жеке меншік сарапшылар, мемлекеттік сарапшылар бір жерден лицензия алады. Біз енді сол монополияға қарсымыз.
Негізі, қазір жеке сарапшылар II және III деңгейдегі нысандарға сараптама беруге құқылы. Олар мектеп, балабақша, 50 орындық қонақүй, 800 адамдық сауда үйі. Ал I деңгейдегі нысандар мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. 2023 жылы сараптаманың 87 пайызын жеке ұйымдар жасаса, 13 пайызы мемлекеттік. Жаңа кодекспен мемлекет үлесі 37 пайызға өспек.
Бірақ Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиевтің сөзінше, 13-пен 87 пайыздық көрсеткіш қана, бәрібір көп қаржы мемлекеттік сараптамада.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Ал аккредиттелген сараптама ұйымдарының жетекшісі Баян Сұлтанбекова «Тенгриньюсқа» берген сұхбатында былай деген: «Мысалы, жобада осынша бетон, сонша арматура қарастырылған. Егер мен жекеменшік болсам және ұңғыма бұрғылайын десем, оны 10 миллион теңгеге жасайтын компания табамын. Ал, сіз мемлекеттік сатып алу сайтына кірсеңіз ұңғыманы бұрғылау үшін жобалық-сметалық құжаттама 20-30-60 миллион теңге тұрады. Бұл жай ғана қағаз. Сосын сметаны бекітетіндей мемлекеттік сараптамадан өту тағы 5-10 миллион теңге. Сосын 200-300 миллион теңгеге тендер өткізіп, ұңғыманы ешқашан бұрғыламайтын жемқор компанияға береді. Сонда бюджетте сол кездің өзінде 300-400 миллион теңге жоқ болады. Айырмашылығы, жекеменшік иесі 10 миллионға өзі жасай алады. Бірақ, оған бюджеттен 10 есе көп жұмсайды. Былай қарасаң, бір жұмыс, бір материал, бірдей мердігерлер.
Сапаны қадағалау үшін бұрынғы мемлекеттік комиссияны қайтару да қаралмақ. Оған қоса сараптама ұйымдарының жауапкершілігі күшейтілмек.
Бегман Кульбаев, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры:
Мысалы, технадзорға келетін болсақ бір жасаған заңсыздықтарға әкімшілік шараға тартқандай төленетін айыппұл көлемі 300-400 мың болса оны кемі 3 есеге көбейту мәселесін қарастырып жатырмыз.
Сондай-ақ, инженерлерді сертификаттау ұсынылды. Одан бөлек, жобалашуыларды бақылау тетігі енгізілмек. Себебі...
Серік Рустамбеков, Сараптамалық ұйымдар палатасының президиум төрағасы:
Қазір мысалы 2 мыңнан астам 1-ші деңгейлі жобалаушылар, құрылысшылар да мыңдаған. Қайдан шыға келді. Совет заманында бүкіл Қазақстан бойынша 200-ақ жобалау институты болған, оның филиалдарымен бәрімен санғанда. Қазір 2 мыңнан асып кетті 1-ші категорияның өзі. Ал, енді бәрін санасақ 15 мыңнан асты.
Мюаш Бисарова, Қазақстан жобалаушылары республикалық одағының төраға орынбасары:
Бүгінгі таңда 150 мыңға жуық жобалаушы компаниялар жұмыс істейді. Олар лицензия берген уақытта біліктілікке сай келуі мүмкін. Ал кейін сай келе ме, келмей ме оны зерттеп оны қадағалап жатқан меніңше органдар жоқ.
Міне, осындай мәселелерді талқылау үшін жұмыс тобы құрылмақ. Сол кезде депутат Бақытжан Базарбек 100-ге жуық ұсыныс жасамақ.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заңның кем тұстары болсадағы оны Мәжіліске кіргізіп отыр. Осыншама кемшілігі бар заң жобасын дайындау үшін бюджеттен 382 млн теңге бөлінген. Басқаша айтқанда бұл жағдайдың сорақысы. Бұған байланысты біз қазір прокуратураға тиісті арыздарымызды жолдаймыз. Сыбайластық жемқорлыққа қарсы агентікке жолдаймыз. Заң жобасын осылай қабылдатқызбаймыз.
Аманкелді Сейітхан