Қостанайлық 580 ауыл тұрғынына 3,8 млрд теңге несие беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық 580 ауыл тұрғынына 3,8 млрд теңге несие беріледі

24.02.2024

Қостанай облысында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 600-ге жуық адамға 2,5 пайызбен несие беріледі. Бұл тұрғындардың өз кәсібін ашуына немесе оны әрі қарай дамытуына жол ашады. Рашад Нағашыбайұлы немерелеріне төрт түлікті күтіп баптаудың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Ол отбасымен Бейімбет Майлин ауданындағы Валерьянов ауылына Монғолиядан 1995-ші көшіп келген. Содан бері қорасы қаңырап бос тұрған емес. Әзірге қолдағы азын-аулақ мал қосымша табыс көзі. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысып шағын шаруашылық ашқысы келеді.

Рашад Нағашыбайұлы, ауыл тұрғыны:

Мұнан бірнеше жыл бұрын несие рәсімдегіміз келген. Әйелімнің атына. Бірақ әртүрлі себептермен ала алмадық. Биыл Үкімет тағы 2,5 пайызбен несие береміз деп жатыр. Соны алып шаруашылықпен айналысу ойымызда бар.

6 бала өсіріп, қазір олардан бірнеше немере сүйіп отырған ерлі-зайыптылар атакәсіп ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасқанын қалайды. Бабын тауып бақсаң, төрт түлік береке мен молшылықтың кепілі, - дейді.

Рыскелді айтуған, ауыл тұрғыны:

Отағасы екеуіміз сол шаруашылықты үлкейтсек дейміз. Сүт, қаймақ, майын сатамыз. Етін еттей сатамыз.

Алайда қарапайым тұрғындардың көңілінде үміт пен қатар күдік те бар. Былтыр ауданда осы бағдарламаға қатысу үшін құжат тапсырғандардың тең жартысынан астамы несие ала алмапты.

Ринат Оспанов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Былтыр несиені тоғыз адам алды. Бірақ 20 адам құжат тапсырған болатын. Кейбіреуінің құжаты дұрыс болмады, енді бірінде кепілге қоятын мүлік болмады. Дегенмен олар назардан тыс қалмайды. Биыл бәрін қамтуға тырысамыз.

Мемлекеттік бағдарламамен тұрғындарды көбірек қамту үшін «Ауыл аманатына» бөлінген қаржы облыс бойынша биыл 2,5 есе өсті. Мысалы былтыр 1,6 млрд теңге қарастырылса, биылғы көрсеткіш 3,8 млрд теңге болып отыр. Бұл қаржы 580 адамды қамтуға жетеді. Яғни, осынша ауыл тұрғынының жаңадан кәсіп бастауына немесе шаруасын одан әрі өркендетуіне мүмкіндік туады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу