Отандық ғалымдар «Qazaqstan» телеарнасында жаңа технологиялық жетістіктерді талқылайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық ғалымдар «Qazaqstan» телеарнасында жаңа технологиялық жетістіктерді талқылайды

23.02.2024
Отандық ғалымдар «Qazaqstan» телеарнасында жаңа технологиялық жетістіктерді талқылайды

Наурыз айынан бастап «Qazaqstan» телеарнасынан қазіргі заманғы ғылым мен технология жетістіктері туралы «Технократтар талқысы» жобасы эфирге шығады.

Танымдық жобада электромобиль, робототехника, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, наноөнімдер, су табу технологиялары, ауаны тазарту, блокчейн, энергияның жаңа көздері, Жерден тыс өмір, ген редакциясы, ақылды қалалар мәселелері талқыланады.

Бағдарламаның бір маусымына Ұлттық ғылым академиясында, еліміздегі жоғары оқу орындарында, зерттеу институттарында және өзге де салаларда қызмет атқаратын 300-ден астам маман қатысады. Соныен қоса хабарға АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдерінде зерттеумен айналысып жүрген қазақ ғалымдары сұхбат береді.

Жобаның мақсаты – ғылым мен технология жаңалықтарын талдай отырып, Қазақстан ғалымдары мен инженерлерінің бұл салаға қосқан үлесін көрсету.

Бағдарлама жүргізушісі: журналист Болат Мүрсәлім.

Тележоба ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы ғалымдарымен және «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы мамандарымен кеңесе дайындалды.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясында бұдан бөлек ғылыми бағыттағы бірнеше хабар эфирде: «Qazaqstan» телеарнасынан «Ғылым адамы» тележурналы, «Abai TV» арнасынан «Ашық академия», «Balapan» телеарнасынан «Ғылымға саяхат» және «Science сабағы» хабарлары көрсетіліп келеді.

Хабарламаларға жазылу