Ташкентте «Құстарға көмектес» акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте «Құстарға көмектес» акциясы өтті

22.02.2024

Ташкентте «Құстарға көмектес» деп аталатын ерекше акция өтті. Қаладағы ботаникалық бақта ұйымдастырылған шараға 200-ге жуық белсенді жас пен еріктілер қатысты. «Мақсат – құстарға қамқорлық таныту, сондай ақ, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында жанашырлық сезімін қалыптастыру», - дейді ұйымдастырушылар

Қытымыр қыс Ташкенттің тұрғындарына ғана емес, жан жануарлар мен құстарға да оңайға соқпай тұр. Жаздыкүні жанға сая болар жасыл бақты мекен ететін қанаттылар қазіргідей суық күнде азық таппай қиналары анық. Осы ретте экология министрлігі еріктілер мен жастардың басын қосып игілікті іске жол ашты.

Зарина Абдуллаева, волонтерлермен және табиғатты қорғау белсенділерімен жұмыс бөлімінің басшысы:

Бұл акция жастарымызға ұнайды деген ойдамын. Осындай игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Құстарды ғана емес, ерекше қорғалған аумақтардағы жабайы жануарларды да азықтандырамыз. Олар да табиғаттың бір бөлшегі.

 «Құстарға көмектес» акциясының ботаникалық саябақта өткізілуі де тегін емес. Өйткені мұнда алуан түрлі құстар өте көп жиналған. Шараға келген жастар мен еріктілер оларға жем беріп қана қоймай, ағаштарға ұя орнатты.

Фатима Рижаметова, қала тұрғыны:

Жастар көбіне уақытын көшеде немесе интернет клубтарда өткізеді. Күнұзақ ұялы телефонға үңіліп отырады. Бүгінгі шарада олардың құстарға қамқорлық танытып өз қолдарымен азық беріп, ұя жасап жатқаны мені қатты қуантты. Табиғатқа жанашырлық осындай әрекеттерден басталары анық.

Ерекше акция Ташкентте ғана емес, елдің өзге де аймақтарында өткізілді. Айта кетейік, Өзбекстанда құстардың 500-ге тарта түрі бар. Оның ішінде сирек кездесетін 52 түрі халықаралық Қызыл кітапқа енген.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу