Жайлы мектеп ұлттық жобасын іске асыруда бірқатар кемшілік бар. Бүгін Үкімет отырысында мәселелер жан жақты талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, қазір мердігерлердің жұмысына тиісті бақылау жүргізіліп жатқан жоқ. Кей өңірлерде әлі күнге дейін жер телімдерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту мәселелері шешілмеген. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.
Жайлы мектеп шынымен жайлы болады, деді Оқу ағарту министрі. Жаңа нысандар толығымен заманауи құрылғылармен жабдықталмақ. Санитарлық тораптары, спорт залдары жеке блокта орналасады. Оқу құралдары мен киім сақтау үшін арнайы шкафтар болады. Оған қоса ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта болмақ.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
2024-25 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық жерлерде салынатын болады.
Мектептердің құрылысына Республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлу көзделген. (КЕСТЕ) жаңа нысандар негізгі 3 тәсіл бойынша салынады. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы арқылы тұрғызылады. Екіншісі, әкімдіктер кәсіпкерлердің салған дайын мектептерін сатып ала алады. Соңғысы мемлекет пен жекенің әріптестігі арқылы құрылыс жүргізіледі. Бүгінгі отырыста оқу ағарту министрлігі жаңа төртінші тәсілді ұсынды. Бұл тетік екі тараптан тұратын, яғни жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы консорциумын құруды көздейді.
Ұлттық экономика министрлігі бұл тәсілді алдын ала зерттеп те қойған.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
Бұл тек қана бюджеттік жүктемені төмендету емес жалпы кәсіпкерлікті дамытуға отандық тауарларды сатып алуға инвестициялардың өсуін ынталандырады. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Сондықтан біз толығымен қолдаймыз.
Мәселе де жоқ емес. Біраз мектеп уақытылы тапсырылмай қалуы мүмкін. Себебі кей әкімдіктер келер жылғыны айтпағанда биыл тапсырылуы тиіс 5 мектепке әлі жер телімін бөлмеген. Ол жерлерге инфрақұрылым тарту да жергілікті биліктің мойнында.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсыру мерзімін тежейтін факторларына облыс орталықтарына дейінгі бірқатар объенктілердің алыс қашықтықта орналасуы жатады. Мәселен 18 мектеп облыс орталықтарынан 300-580 км қашықтықта орналасқан. Оның құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жұмыс күшін жеткізу кезінде ескеру қажет.
Дегенмен Премьер-министр шекті мерзімнің бұзылуына жол беруге болмайтынын қатаң ескертті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Сіз баяндамаңызда айттыңыз жобалау сметалық құжаттарды бекіту жұмыстары кешіктіріліп жатыр деп. Себептерін де айттыңыз. Бірақ ол қабылданбайды. Жұмысты барынша тездетіп, барлық жұмыстар мерзімдерінде аяқталуы керек.
Мектеп құрылыстарына негізінен қазақстандық өнімдер пайдаланылмақ. Құрылыс материалдары, жиһаз да өзімізден шығуы тиіс. Тек Қазақстанда өндірілмейтін тауарларды сырттан әкелуге рұқсат етілмек. Отандық кәсіпкерлер де мұндай сұраныста қанағаттандыруға дайын деді Атамекен кәсіпкерлер палатасының төрағасы.
Оңғар Алпысбайұлы