Елімізде 3,5 мың мұғалім жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 3,5 мың мұғалім жетіспейді

20.02.2024

Елімізде 3,5 мың мұғалім жетіспейді. Әсіресе, педагогтарға ауылды жерлерде сұраныс жоғары. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше тапшылық болмау керек. «Өйткені жыл сайын еңбек нарығына қажетті мұғалім дайындалып отыр», - дейді. Сонда жас мамандарды мектеп қабылдамай ма? Әлде олар төрт жыл бойы оқыған мамандық бойынша жұмыс істегісі келмей ме?

Оқу ағарту министрлігінің мамандары елімізде 3555 мұғалім тапшы екенін хабарлады. Қалада – 1745, ауылда – 1810 бос орын бар. Сұраныс Қарағанды, Алматы және Атырау облысында жоғары. Ал мамандық бойынша математика, физика, ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімі жетпейді. Жауапты ведомсво өкілдері қазір тест өтіп, конкурстар жүріп жатқанын айтты.

Айана Қасымованың мамандығы шет тілі пәнінің мұғалімі. Қазір шаштаразда әкімші. Ал мамандық бойынша жұмысқа тұруға көп кедергі болды, - дейді. Өзі қалаған мектепте бос орын болмаған. Сондықтан педагогтың ассистенті болу туралы ұсыныс алған. Бірақ оған келіспепті.

Айана Қасымова, қала тұрғыны:

Оқудың соңғы екі жылында мен бастауыш сыныптарға сабақ бергенмін, бірақ жұмысқа тұрған жоқпын. Жалақысы аз болған сол үшін келіспедік. Ассистенттің айлығы аз, және сабақ өткізуге рұқсат жоқ. Басқа факторлар болған балалармен жұмыс жасау оңай емес, қағаздары көп құжаттары көп, сол үшін келіспедік.

Министрлік өкілдері мемлекеттік мектептерде педагогтың ассистентіне сұраныс жоқ, тек инклюзивті сыныптары бар білім ошақтарында болмаса, - дейді. Кейбір мектептер бұл қызметті пән мұғалімінің орны босағанша уақытша ұсынатынын жеткізді. Бұдан бөлек, жас мамандар шағымданатын Оқу-ағарту министрлігінің № 57 бұйрығына өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр.

Айман Дүйсенбаева, ҚР оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

Жалпы қазіргі таңда талаптар өзгеріп жатыр. Бұйрық бойынша жұмыс жүргізілуде. Біз енді әрбір бұйрық шығады сосын оған жұмыс барысында өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. Жалпы бұйрықты Оқу-ағарту министрлігі ғана емес өңірлер, өңірлерде кадрлық қызмет деген бар және әдістемелік кабинеттер бар. Мұғалімдермен талқылап сосын шығарамыз.

Мұғалімдер жас мамандардың kundelik.kz платформасын, одан бөлек, БЖБ, ТЖБ дайындау жолдарын білмейтіне шағымданады. Оларды мектепке келген соң курстан-курсқа жібергенше, жоғары оқу орнында әбден дайындауды сұрайды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі, жоғары оқу орындары жыл сайын білім беру бағдарламасын жаңартып отыратын жеткізді. Қазір білікті педагогтарды дайындауға басымдық жоғары, - деді.

Жанна Есенбаева, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

Педогогикалық білім беру бағдарламаларында білім алушылар мектепте, білім беру ұйымдарында практиканы бірінші курстан бастап өтеді. Бірінші курс практикасынан бастап, танысу практикасы деп аталады, сол кезден бастап, сол студенттерімізді күнделік, цифрлық электрондық журналмен жұмыс қалай жасау керектігі, тоқсандық бағалау қалай жасалу керектігі, жалпы бағалау дағдылары бойынша, жалпы барлық негізгі тиісті дағдыларды үйрену бойынша осы практика жүзінде олар үйреніп қайтады. Мектепте болып жатқан өзгерістер, міндетті түрде ЖОО бағдарламаларында өзектендіріліп отырады.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2030 жылы мектептерде 236 мыңнан астам мұғалім тапшы болады деген еді. Осы ретте кадр мәселесін шешу үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтқан болатын.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу