Қызылордада шет елден зат тасымалдайтын жүк көліктері кедендік бақылау аймағында кептеліп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада шет елден зат тасымалдайтын жүк көліктері кедендік бақылау аймағында кептеліп тұр

19.02.2024

Қызылордада шет елден зат тасымалдайтын жүк көліктері бір аптадан бері кедендік бақылау аймағында қаңтарылып тұр. Құжат рәсімдеу шаралары созбалаңға салынып, мәселе шешімін табар емес. Ал автотұрақта әр күніне ақша төлеп шығынға батқан жүргізушілер мен кәсіпкерлер шыдамымыз таусылды деп шырылдап отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Әділбек Серікұлы анықтап көрді.

Қала іргесіндегі кедендік бақылау аймағында жүк көліктері қаз-қатар кептеліп тұр. Тауар рәсімін күткен жүргізушілер бірнеше күннен бері көлік кабинасында түнеп, әбден әбігерге түскен. Олар бұрын бір-екі тәулікте бітетін шаруаның неліктен ұзаққа созылып жатқанын білмей дал.

Вагив Челидзе, көлік жүргізуші:

Әкелген жүгімізді қабылдамай, құжат рәсімдеу ұзаққа созылып кетті. Мына жерде тұрған жүргізушілердің кезегін күткеніне алды бір аптадан асты. Күн аяз. Қанша жанар-жағармайды босқа жағып тұрмыз. Ақшамыз да таусылуға жақындады.

Кедендік бақылау басқармасы шетелден келген жүктер арнайы бағдарлама арқылы кедендік бақылаудан өтетінін айтады. Бұл жолы электронды жүйе тауарларды кәсіпкерлер көрсеткен өзіндік құнынан жоғары бағалаған. Егер дәлелді құжатын толықтырса 60 күн ішінде артық төлемін қайтарып алады дейді сала басшысы.

Қуаныш Айтбаев, мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

Қазіргі туындап тұрған мәселе осы кедендік құнына байланысты болып тұр. Декларациялау орталығы деген ашылған қазір. Ол барлығы электронды түрде. Сондықтан оны бағдарлама анықтайды. Тауардың қайда жататынын.

Бірақ кәсіпкерлер кедендік бақылауға барлық қажетті құжат берілгенін айтып отыр. Олар еліміздің әр өңіріне тасымалданатын тауарлар енді тек Астанадағы арнайы орталықпен қаралып, заттардың бағасын да негізсіз өсіріп жіберді деп шағымдануда.

Руслан Базар, брокер:

Бас диспечерлік орталық шартты бағаларды берген кезде 3-4 есе қымбаттатып жіберіп жатыр. Одан бөлек, рәсімдеу мерзімдері де ұзарып жатыр. Заттардың келгеніне бір аптадан аса уақыт өтті.

Қазір кедендік бақылау аумағында 20-жуық жүк көлігі рәсімделмей тұр. Шетелден әкелген тауарына қол жеткізе алмай жүрген кәсіпкерлер кедендік кедергілер бұлай жалғаса берсе жоғары органға арызданудан басқа амалымыз қалмады дейді.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу