Ресейде өзен-көлде мұз қатқалы бері 700-ден аса балықшы суға батып кеткен. Соңғы бір айда жұқа мұздың үстіне шығып, суға батып кеткендер саны 40 пайызға артқан. Сондықтан енді балық аулауға қатысты талап күшеймек.
Индира Бегайдар, тілші:
Жылда айтылатын ескертулерге қарамастан, мұз қатпай, балық аулауға шығатындардың саны күрт көбейген. Ресейдің 80-нен астам өңірінде соңғы бір айда мұз астына кеткен балықшы көп. Мәселен, Сахалин облысында 80 адам балық аулап жатқанда, мұз жарылып кеткен. Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы құтқару операциясын өткізді. Хабаровск облысында балықшылар мінген көлік мұз астында қалып, адамдар қайтыс болды. Осындай оқыс оқиғалар күнде тіркеледі.
Бүгінгі күні көлікпен мұзға шығып, не ескертуді елемей, балық аулайтындар 4,5 мың рубль, яғни 25 мың теңге айыппұл арқалайды. Мамандар айыппұл санын 10 есе өсіруді ұсынып отыр. Тіпті қоғамдық жұмыстарға жегу, бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрлері де қарастырылуы мүмкін.
Индира Бегайдар