Үкімет басшысы «Шеврон» компаниясын қазақстандық өндірушілердің тауарларын көбірек сатып алуға шақырды. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов пен компанияның Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесу кезінде айтылды. Тараптар жаңа өндіріс нысандарын іске қосуды, қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды талқылады. Сонымен бірге, мұнай-газ саласы мен мұнай химиясын дамытудың өзекті мәселелерін, Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асыру жайын көтерді. Премьер-Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикада ауқымды экономикалық реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұдан бөлек, Үкімет инвесторларға инвестициялық жобаларды дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді. Қарашығанақ кен орнын игеруге үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Ал Дерек Магнесс «Шеврон» компаниясының Қазақстанмен барлық мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін растады.
Асылбек Данияр