Жаңаөзен қаласында 150-ге жуық отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр. Олар баспаналары опырылып түссе, астында қаламыз ба деп үрейленеді. Сондықтан әкімдікке шағымданған. Алайда, жергілікті билік мәселені шешуге асығар емес.
Темір жол вокзалы маңындағы үйлер 60-жылдары пайдалануға берілген. Бүгінде іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылған. Су, кәріз жүйелері әбден тозған. Осындай 2 қабатты 9 үй бар.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бұл үйде 16 пәтер бар. Бірақ дәл қазір мұнда тек 2 отбасы тұрып жатыр. Ал қалған тұрғындар үйдің жағдайынан қорқып,пәтерлерін тастап, үй жалдап кеткен. Расында да мына подъезде жүрудің өзі қорқынышты. Үй ескіліктен ығысып, қабырғары жарылып, баспалдақтары құлайын деп тұр.
Асыл Нарынбаева 5-үйдің бірінші қабатында тұратын. Алайда бірнеше күн бұрын оған баспанасынан шұғыл көшуге тура келді. Себебі, үйдің қабырғасы қисайып, пәтердің сыртқы есігі ашылмай қалған.
Асыл Нарынбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Кішкене бір сызықтар түсті. Сызық түскесін мына үйлер деген жарылып бастады. Сосын мына есік ашылмай қалады. Үйде индвалид шалым бар өзімнің жолдасым, немерем бар 3 немерем бар кішкентай бәрі. Сомен квартираға кеттік міне бәр затымызды тастап. Отырмыз квартира үй жалдап.
Тұрғындардың сөзінше, шамасы жеткендер апатты үйлерден көшіп кетуде. Ал қалғандары жанын шүберекке түйіп, тұруға мәжбүр.
Айман Жарылғасова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Үй деген қопарылып, опырылып жатыр. Мына 9-квартираға бір күні біз13-пәтер бір күні ішіне түсіп кетеміз. Біз мына бала-шағаның адамдардың шығыны шықпай басқа жерге көшірсін. Мынау жөндеуге келмейді. Ешқандай да жөндеуге келмейді. Крышаның барлығынан су кетіп жатыр екінші этажға. Біз жергілікті әкімдікке жалоба жасадық жиналыста.Сосын облоснойға. Олар комиссия барады деді. Ешқандай келген комиссия жоқ.
Әкімдіктегілер айтуынша, тұрғындардың арызы негізінде, аталған үйлерге сараптама жүргізіліп, қорытынды шыққан. Нәтижесінде 9 үй де күрделі жөндеуге жарамды. Бірақ, қалалық мәслихат ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салу туралы шешім шығарған.
Әділет Сәми, Жаңаөзен қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Халық үйін босатуы керек. Болды. үйін босатады, орнына үй саламыз. Бір тұрғын үйде 10 пәтер болатын болса, 8і келіседі мысалы 2 еуі келіспей қалады. Біреулер 40 шаршы метрдің орнына 60 шаршы м сұрап кетеді. Бізде мердігер мекеме сосын айнып кетеді мысалы. Бізге индивидуально барлық тұрғындардың келісімі керек. Мәселе осында болып тұр.
Әкімдік қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, талапты түсіндіруге уәде берді. Ал ескі үйлерді сүру жұмыстары наурызда басталмақ.
Аягөз Оралбайқызы