Лотерея – құмар ойын емес, екі сала екі түрлі заңмен реттеледі – министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лотерея – құмар ойын емес, екі сала екі түрлі заңмен реттеледі – министр

12.02.2024

Лотерея – құмар ойын емес. Елімізде бұл екі сала екі түрлі заңмен реттеледі. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қомақты джекпоттың иегері болу үшін 300-ден 3000 теңге аралығында 1 лотерея билетін сатып алу жеткілікті. Ал психолог мұны жоққа шығарды. Лоторея да лудоманияға шалдықтырады, - дейді. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Лотерея ойыны заңды. Онда ұтыс та, ұтылыс та болмайды. Тіпті, лото тәуелділікке апармайды, қомақты ақшаңыздан айрылмайсыз, - дейді Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев. Сондай-ақ лотерея операторының айналымы – миллиардтаған доллар, көп бөлігін өзіне қалдырады деген пікірді де жоққа шығарды. Мұндай жағдай болса, ұйым дереу жойылып, түскен кірісі тәркіленеді. Әрі 7,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Сондықтан, лотерея операторының жұмысы ұдайы қадағаланып отырады, - дейді.

Мирас Төлебаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

Егер заң бойынша лотерея операторы кірістің кемінде 50% мөлшерінде жүлде қорын қалыптастыруға міндетті болса, қазір оператор кірісітің 80%-дан астамын жүлде қорына жұмсайды. Бұл тәсіл - лотереяға деген сенімді арттыруға, ұтыстарды көбейту арқылы ұтыс ойындарының әділдігін арттыру үшін қолданылады. Қалған 20%-ы оператордың кірісі болып есептеледі. Бірақ оператордың мойнында кредиторлар, инвесторлар алдындағы берешегі бар. Оған қоса, салық төлеп, 2 қорға аударым жасайды.
Былтыр Ұлттық лотерея компаниясының айналымы 356 миллиард теңгеден асқан. Оның 305 миллиард теңгесі жеңімпаздарға аударылды, - дейді. Сондықтан лотерея операторының өкілі мұны табыс деп санамайды. Әлі инвесторларға 4,5 млрд теңге қарыз екен.

Шынболат Пазыл, лотерея операторының өкілі:

Енді бұл жерде қалған ақша билеттердің өндірісіне кетеді, қызметкерлерге төленетін ақша бар. Бұл жерде көпшілік түсінбей жатады. Оператордың айналымы таза табысы емес. Қолымда соңғы дерек бар. Ұлттық оператор құрылған күннен бастап 2023 жылдың алты айын қоса алғанда 16,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Сол 2023 жылдың 6 айын қоса алғандағы дерек бойынша компания әлі таза табысқа шықпаған.
Бір апта бұрын лезде лотория ойнататын “Lotomatic” терминалдары мен киоскілері заңды түрде жұмысын уақытша тоқтақан болатын. Қазір ойын автоматтарына ұқсамау үшін терминалдардың интерфейсін өзгертіп жатырмыз, - дейді ведомство өкілі. Сонымен қатар, ойын автоматтарының вокзал, азық-түлік дүкендері және сауда орталықтары сияқты жерлерде орналастырылмайтыны айтылды.

Ал психолог лоторея – құмар ойынның бір түрі, - дейді. Екеуінде де, сәтсіздікке ұшырау фактісі болады. Тіпті, лотоның кесірінен ажырасып жатқандар да кездеседі.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Иә, лоторея лудоманияның бір түрі. Лоторея ол лудоманияға апаратын жол. Өйткені, ол азарттық құмар ойын болып саналады. Ол жерде бәс тігу бар, ақша бар. Оның бір сәл жұмсақ түрі деп айтсақ болады. Дегенмен, олда лудоманияға апарады. Кәдімгідей соған отырып алған.
Лотереяға қатысу үшін азамат 18-ге, электрондық лотерея бойынша 21-ге толған болуы шарт. Ол заң жүзінде қадағаланады. Талап бұзылған жағдайда жауапкершілікке тарту қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, 36 мыңдай адам құмар ойынға қатты әуес. Мемлекеттік орталықтар мұндай адамдарды анонимді негізде тегін емдемек. Ондай орталық барлық өңірде бар. Ол үшін ресми тіркеліп, есепке тұру міндетті. Көбі содан қашады, - дейді. Сондықтан, қазір ниет білдірушілердің өтінішіне қарай тіркелудің жаңа тетіктері қаралып жатыр.

Хабарламаларға жазылу