Мұқағали – қара өлеңнің қара нары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұқағали – қара өлеңнің қара нары

09.02.2024

Бүгін — Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Көзі тірі болса, ақиық ақын 93-ке толар еді. Астанада қазақ поэзиясына өшпес із қалдырған ақын рухына тағзым жасалды. Мұқағалидың сырлы өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. «Сағынышқа оралу» әдеби-сазды кешіне қатысқан әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет жалғастырады.

Әр өлеңі - бір әлем. Қазақтың маңдайына біткен ұлы перзенті Мұқағали Мақатаевтың төл мерекесін ескерусіз қалдырмау мақсатында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы әдеби сазды кеш ұйымдастырды. Оған ақиық ақынның жырларымен жігерленіп өскен жастармен қоса, аға буын ақындар қатысты. Бар ғұмырын поэзияға арнаған лирик ақынның өлеңдері қашанда өміршең, өйткені Абайдан кейінгі жазба поэзияның табиғатын, ғажап шыңын қалыптастырды дейді депутат Жанарбек Әшімжан.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жалпы, Мұқағали Мақатаевтың аудиториясы, оқырманы жас талғамайды. Сонау еңбектеген баладан бастап еңкейген қартқа дейін мейлі ол саяси тұлғалар болсын, мейлі ол шығармашылық өкілдері болсын, мәдениет қайраткерлері болсын, спортшылар болсын, кез келген той-томалақта кәдімгі елдің мұңын, зарын, қуанышын, күйінішін, күнгейін, теріскейін қарапайым тілмен қазақтың жалпақ тілімен жеткізген.

Мұқағалидың сырлы сезімге толы өлеңдерін бүгінде білмейтін қазақ жоқтың қасы. Оның өшпес мұрасы елден жырақ өскен қазақтарға да баға жетпес қазына, рухани азық дейді елімізге жыл бұрын оралған қандасымыз, ақын Думан Бәзілжанұлы.

Думан Бәзілжанұлы, ақын:

Мұқағали - қара өлеңнің қара нары. Мен де сол дәстүрлі өлең формасын ұстанамын. Нәзік те сәби сырғалып ғажайып тәтті күйге еніп, қыздарға барып қырланып, қырындауды да үйрендік. Бәріміз Шекспирдің шекпенінен шықтымыз дегендей, біз, әрине, Мұқағалидың сол шекпенінен шыққан ақындар деп айтуға болады.

Термеші Есхат Нұрәли Мұқағалидың өлеңіне жазылған Дәнеш Рақышұлының «Сағындым ғой» әнін орындап, кешке келген қауымға ерекше сезім сыйлады. Ғасыр ақынының туған күні қазақ поэзиясының үлкен мерекесіне айналып үлгерді.


Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу