Батыс Қазақстанда 200-ден аса отбасы үш күннен бері жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда 200-ден аса отбасы үш күннен бері жарықсыз отыр

09.02.2024

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында әлі 200-ден астам отбасы жарықсыз отыр. Үш ауылда құлаған электр бағандары қалпына келтіріліп жатыр. Екі күн боран мен күшті желдің кесірінен аймақта 20 мыңға жуық жеке үй мен 192 әлеуметтік нысанда электр желісі үзілген еді. Орал қаласы мен 6 ауданның 55 ауылында жарық болмады. Әсіресе, Ақсай қаласында жарықпен бірге жылу, су беру тоқтады. Қазір барлық коммуналдық қызмет жүйесі қалпына келтірілді. Ал екі күнде жолда қалған 70-тен астам көлік қар құрсауынан шығарылды. Ақжайық, Сырым, Казталов, Шыңғырлау аудандарында боранда адасып кеткен 6 адам құтқарылды.

200-ДЕН АСТАМ ЖҮК КӨЛІГІ ЖОЛДА ТҰРЫП ҚАЛДЫ

Қостанай облысында ауа-райының қолайсыздығынан 250-ге жуық жүк көлігі жолда тұрып қалған. Бұған ақтүтек боран соғуына байланысты бірнеше бағытта қозғалыстың жабылуы себеп. Көліктердің кептілісі Ақтөбе облысымен шектесетін Денисов және Бейімбет Майлин аудандарының аумағында байқалған. Лисаков қаласы мен Майлин ауданының жергілікті атқарушы органдары 200-ге жуық адамға ыстық тамақ пен ауыз су жеткізді. Республикалық маңызы бар жолдарда «ҚазАвтоЖол» филиалының 85 техникасы, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда мердігер ұйымдардың 526 техникасы қызмет көрсетуде. Облыс бойынша жалпы сиымдылығы 11 мыңнан астам адамға шақталған 257 жылыту пункті жасақталды.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу