Үкімет басшысы тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы тағайындалды

06.02.2024

Күннің басты жаңалығы Үкімет үйіндегі ауыс-түйіс. Премьер-министр болып былтырғы сәуірден бері Президент әкімшілігін басқарған Олжас Бектенов тағайындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкіметтен батыл шешімдер күтетінін айтты. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақты іс-әрекет керек деді. Жаңа министрлер кабинетіне тағы қандай міндет қойылды? Бектенов неге басымдық бермек? Мәжіліс отырысына қатысқан әріптесім Шерхан Жамбылұлы тарқатады.

Кешегі Әлихан Смайыловтың отставкасынан кейін ел ішінде келесі премьер кім болады деп түрлі болжамдар айтылды. Бұл жолы таңдау бұған дейін беделіне кір келтірмеген Бектеновке түсті. «Аманаттың» ұсынысын Президент әуелі парламенттегі фракция жетекшілерімен талқылап алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олжас Бектенов экономика саласында мол тәжірибесі бар. Ұйымдастыру қабілеті жоғары. Тәртіпті, еңбекқор азамат. Үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ете алады деп санаймын. 

Шағын құрамнан соң президент мәжілістің жалпы отырысына қатысып, Олжас Бектеновтің кандидатурасын дауысқа салды. Ата заң бойынша Үкімет басшысын тағайындау үшін депутаттардың келісімі керек. Төрт партия қолдау білдіріп, екеуі қалыс қалды.

Елнұр Бейсенбаев, «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі:

Жасақталатын жаңа үкімет кезек күттірмейтін шұғыл мәселелерді шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмыстарды тез арада ширату керек деп есептейміз. Алдағы уақытта үкіметтің жұмысы фракция бақылауында болып, депутаттар тарапынан сұралатын болады.

Айдарбек Ходжаназаров, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі:

Үкіметтің жаңа құрамы өткеннен сабақ алып, өз жұмысын жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. 19:42 Жаңа экономикалық модель аясында түбегейлі экономикалық реформа жасауымыз қажет.

Депутаттардың 69-ы қолдап, 7-і қалыс қалды. Осылайша 43 жастағы Бектенов үкімет тізгінін қолға алды. Президент оған көп созбай, маңызды шешімдерді шұғыл қабылдау керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бастысы батыл әрекет керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие.

Бес жылда ел экономикасын екі еселеу міндеті тұр. Ол үшін жаңа экономикалық модель керек. Бұл ретте үкіметтің қаржы-экономикалық блогы жаңармақ. Олжас Бектенов бұл міндеттерді іске асыру үшін аянбай еңбек ететінін және сенім білдіргені үшін президент пен депутаттарға алғыс айтты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды. Басты мақсат — басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнімделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша Олжас Бектенов ел тарихындағы 12-премьер-министр болып отыр. Оның алдында ауқымды міндеттер тұр. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық салаға серпін беруі керек. Жаңа құрамның алдындағы нақты мақсат-міндеттерді Президент ертеңгі үкіметтің кеңейтілген отырысында айтпақ.


Ш.Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу