Өзбекстанда балабақшаға баруға мүмкіндігі жоқ балғындар үшін ерекше әдіс қолға алынды. Тәрбиешілер сәбидің үйіне өздері барады. Түрлі жаттығулар өткізіп, баланы мектепке дайындайды. Соңғы жылдары балабақша көбейгенімен, әлі де жеткіліксіз. Осы олқылықты жою үшін отбасылық бақша саны артқан.
Тайлақ ауданындағы махалланың кішкентай тұрғыны Мехрибан бақшаға бармайды, есесіне тәрбиеші оған өзі келеді. Екеуі бірнеше сағатты бірге өткізіп, сурет салады, балаға түстерді үйретеді, өзге де жаттығулар жасайды. Мұның пайдасы орасан, сәбидің ақыл ойының дамуы өте жақсы дейді анасы
Махрие Қодирова, жергілікті тұрғын:
Тәрбиеші бір жылдан бері үйге келіп балаға арнайы уақыт бөліп, түрлі танымдық дүниелерді үйретіп жүр. Бір де бір рет дәрісті жіберген емес. Балада оң өзгерістер көп, сабақ өзіне ұнайды, біз де қуаныштымыз.
Самарқан облысында 4100 ден астам балабақша бар. Оның 40 пайызы жекеменшік және отбасылық нысандар. Негізінен баланың ойын дамыту әдістерін қолданатын топтар ұйымдастырылған. Бұл процесс «Алғашқы қадам» деп аталатын мемлекеттік оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Оятулло Рахматуллоев, Мектепке дейінгі білім беру агенттігі директорының орынбасары:
Дүниежүзілік банк пен мектепке дейінгі білім беру агенттігі бірлесіп «Баланың ерте дамуын жақсарту» жобасын қолға алған. Оның аясында 700 дей педагог арнайы даярлықтан өтті. Шалғай ауылдағы балаларды мектепалды тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге басымдық берілген.
Баласын әкелетін ата-аналар жақын маңдағы махаллалардың тұрғындары. Олар сәбидің ой өрісінің қалай дамып жатқанын көреді. Жоба үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2017 жылға дейін Самарқан облысында мектепке дейінгі жастағы балалардың 20 пайызы ғана бақшаға барса, бүгінде бұл көрсеткіш 71 пайызға артты.
Базаркүл Отыншиева