Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза тағы да күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза тағы да күшейтіледі

05.02.2024

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза тағы да күшейтіледі. Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобасы бүгін таныстырылды. Енді әйеліне немесе бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал педофильдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Суицидке итермелегендерге қатысты да арнайы бап бар. Мәжілістегі жиыннан Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бүгін Мәжілісте қоғам көптен күткен заң жобасы таныстырылды. Құжат балалар мен әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуге бағытталған.

Енді отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары әкімшілік жауапкершілікпен емес, қылмыстық кодекспен қарастыралады. Бұған дейін денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 айлық есебінде айыппұл төлесе немесе 15 тәулікке қамалса, жаңа нормада 20 АЕК айыппұл салу және 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Денсаулыққа ауыр зиян келтірген жағдайда 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал азаптау үшін жазаның мерзімі 3 жылға дейін артады. Мәжіліс депутаттары бұған дейінгі заң нормаларының елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға күші жетпеді, - дейді.

Динара Закиева, ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкіл:

Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мың өтініш келіп түсті. Балаларға қарсы 24 52 қылмыс жасалды, 69 әйел мен жеті бала тұрмыстық зорлық - зомбылықтан қаза тапты.

Ал педофильдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары қылмыскерлерге хирургиялық кастрация жасауды ұсынған. Алайда, бұл норманы Үкімет қолдамады деп отыр.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оны педофилдің жеке өміріне қолсұғушылық деп таныды. Бізде қазір биологиялық, химиялық кастрация бар. Біз педофилдерге қатысты хирургиялық кастрацияны ұсынып отырмыз. Ертең жаңа Парламент пен депутаттар жаңа заң қабылдап жатса, педофилдердің бостандыққа шығып кетпеуіне ешқандай кепілдік жоқ.

Сонымен бірге, суицидке итермелегендер енді 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал суицидті жарнамалағандарға 200 АЕК айыппұл салынады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Дегенмен заң жобасы Мәжіліс қабырғасында әлі талқыланады. Шикі, күмәнді тұстары болса ескеріліп, толықтырулар енгізіледі. Содан кейін Санат қарауына жібереді. Осылаайша, Парламент мақұлдаса, Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Хабарламаларға жазылу