Ақшатау кентінің тұрғындары ауыз суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақшатау кентінің тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

05.02.2024

Қарағанды облысындағы Ақшатау кенті көп жылдан бері ауыз суға жарымай келеді. Қазір ауыл тұрғындарының күні жалғыз су скважинасына тәуелді. Оның өзі жиі тартылып, тіршілік нәрі жетпей қалады. Жергілікті билік 35 шақырым жерден су тасып беріп амалдап отыр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Кенттегі 1 мыңға жуық тұрғын осы жалғыз скважинаға қарап отыр. Оның суы резервуарды еш толтыра алмайды. Қыс қарлы болмаса, жазда су тартылып, елдің аңқасы кебеді. Ал бау-бақша дегенді жұрт мүлде ұмытқан. Бөшкені толтыру үшін көрші ауылдан тіршілік нәрі тасымалданады.

Кеңес Шабақов, Ақшатау кентінің тұрғыны:

Су жетпейді. Бізге анау Ақжал деген 35 шақырым жердегі ауылдан тасып береді. Енді бір айдың ішінде шәйнек ауыр болып шыға келеді. Менің ойымша, Ақшатаудың асты шахта ғой. Осы жерден 7-8 шақырымға 4 горизонтпен кетеді. Сол шахта суға батып кеткен. Соның суы біздің су алып отырған жерге қосылды деп ойлаймын.

Соңғы жылдары су деңгейі тіпті түсіп кеткен соң мұндағы мектеп пен әлеуметтік нысандар орталық құбырдан ажыратылған.

Гүлнәр Әжікеева, мектеп директоры:

Соңғы 2 жылда бізде судың деңгейі түсіп кетуіне байланысты машинамен тасып отыр қазір. Сондықтан су ішіне келіп тұрғаны жақсы болатын еді.

2018 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жер асты су қорын есептеу үшін бірнеше жерден ұңғыма қазылған. Бірақ оның біреуінен ғана аз мөлшерде су шыққан. Маңайда 35 шақырым жердегі Жәмші жерасты көзінен басқа мол су қоры жоқ. Ол аумақтан тартылған құбыр әбден ескіріп, істен шыққан. Жаңасын салуға кемі 2,5 миллиардтан астам қаражат қажет. Әрі судың құны бірнеше есеге қымбатқа түспек.

Дәурен Кәрсенбаев, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Халықтың пайдаланып отырған суы 35-40 кубқа дейін кетіп қалады. Резервуарды толтырып беріп отырамыз. Алайда көпшіліктің сұрап отырғаны үй-үйге тартса екен деп. Бірақ оған мүмкіншілік жоқ. Өйткені дебит жоқ деп отырмыз ғой. Қазіргі таңда шешеім болады деп айта алмаймыз. Бірақ халық ауыз сусыз қалмайды.

Жалпы Шет ауданында 61 елдімекеннің 80 пайыздан астамы сумен қамтылған. Өткен 2023 жылы 6 ауылға құбыр тартылған. Алайда оған Ақшатау кенті ілікпеді. Биыл да жоспарда жоқ.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу