Таразда ағашты санау жұмысы жүргізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда ағашты санау жұмысы жүргізіледі

05.02.2024

Еліміздегі ең жасыл қала Таразда ағаштарды отау жиілеп кетті. Облыс орталығының тұрғындары осылай дейді. Тіпті түбінен аралап, жүк көліктерімен тасып жатқанын сынға алды. Бұған дейін Әйтеке би көшесіндегі ағаштар сауда нысанын салу үшін кесілген болатын. Ал Төле би мен Жамбыл даңғылы қиылысындағы тал-дарақ айналма жол салу үшін араланған. Сүлейменов көшесіндегі емхана алдындағы көп жылдық ағаштар да түбінен шабылған. «Тұрғындар қаланы химиялық зауыттар қоршап тұрғандықтан жасыл-желекті бейберекет отау - экологияға қауіпті», - дейді.

Ал қала әкімдігінің өкілдері қурап қалған және жарық сымдарын жиі үзетін ағаштарды ғана шаптық дейді. Қаңтардың 15-нен басталған ағаш кесу жұмысы көктемге дейін жалғасады. Ал осыдан жеті жыл бұрын Тараздағы ағаш саны 134 мың түп болған. Биыл нақты санын шығару үшін ағаштардың санағы жүргізілмек. Былтыр қалада 31 мың түп ағаш егілсе, оның 5 мыңнан астамы қурап қалған.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Әйтиев көшесі, Жетоқсан көшесі, Сүлейменов көшелерінде бұтау жұмыстары, сондай-ақ мынау орталықта қураған ағаштарды талдарды кесу жұмыстарын жүргіздік. Бұған арнайы тиісті агрономдар, тиісті агротехниктер зерттеу қорытындысын берген. Соған байланысты жұмыстар жүргізілді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу