Қарағанды облысы Ботақара кентінде газ жарылғаннан көпқабатты үй құлап, 2 адам қаза тапты. 5 кісі жарақат алған, үшеуі бала.
30 қаңтарға қараған түні болған жарылыстан 12 пәтерлі үйдің жартысы опырылып құлаған. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департамент түнгі сағат 01:00-де 2-ші қабаттағы пәтерлердің бірінде газ жарылғанын, салдарынан пәтердің төбесі мен қабырғалары құлағанын хабарлады. Бұл үйде 46 адам тұрып жатқан. Ал сол түні 30 адам үйде болған. Қаза тапқандар ерлі-зайыпты Рахметовтер. Жараланғандардың арасында жағдайы ауырлары бар.
Тұрғындардың бірі «Үй апатты жағдайда болған. Бір рет қаладан комиссия келді. Куәгерлердің көзінше, «үй апатты жағдайда, тұрғындарды көшіру керек деді. Хаттама, қағаздың бәрі бар» деген. Ал үй бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген.
Аудан әкімі Абылай Сұлтанғали апатқа ұшыраған үй тұрғындарын орналастыратындарын, келген шығынды есептейтін арнайы комиссия құрылатынын, сарапшылардың үйді тексеретінін хабарлаған.
«Үй қалпына келмейді» деген сараптама жасалса, жаңа үй салуды қарастыратындарын айтқан. Әкім «үй апатты жағдайда болған» деген сөзді жоққа шығарған.