Digital Almaty форумында цифрлық жетістіктер көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Digital Almaty форумында цифрлық жетістіктер көрсетілді

02.02.2024

Екінші күн өтіп жатқан «Digital Almaty» форумында Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан үкімет басшыларына отандық цифрлық ноу-хау жетістіктері таныстырылды.

Көрмеге 300-ден астам қазақстандық және халықаралық IT-компания жобалары қойылған. Одан кейін өткен пленарлық отырыста Үкімет басшысы Әлихан Смайылов еуразиялық кеңістікте технологиялық шешімдермен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық әлемде жаңа Жібек жолының негізгі қатысушысы болуға ұмтылып жатыр.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

Біз технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Көршілерімізбен бірлесе отырып, біз Каспий теңізінің түбімен оптикалық байланыс бағытын іске асыруды жоспарлап отырмыз және Парсы шығанағы елдерімен оптикалық байланыс орнату нұсқаларын қарастырып жатырмыз. 

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ҚҰРАМДАҒЫ ОТЫРЫСЫ

Форумнан кейін Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Тараптар Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытудың жай-күйі мен жоспарларын, электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселесін талқылады. Еуразиялық экономикалық Одаққа биыл 10 жыл толғанын еске салған Үкімет басшысы мүше мемлекеттердің өзара саудасы 2015 жылдан 2022 жылға дейін 2 есеге өсіп, 85 млрд долларға жеткенін атап өтті. Дәл осы үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында Әлихан Смайылов Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөздер жүргізді.


Хабарламаларға жазылу