Петропавлда жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер емтихан тапсыра алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер емтихан тапсыра алмай жүр

02.02.2024

Петропавлда жүргізуші куәлігін алғысы келген азаматтар емтихан тапсыра алмай жүр. Оған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы автодром жолдарына мұз қатып қалуы себеп. Салдарынан асфальт бетіндегі белгілер көрінбей қалған. Жыл басынан бері 300 адам практикалық емтихан тапсыруға өтініш берген. Оның 10 пайызы ғана жүргізуші куәлігін алды.

Ксения Ушакова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Жолдың жағдайы көңілден шықпайды. Дөңнің үстіне мұз қатып жатқандықтан көлікпен шығу қиын болды. Сынақтан өте алмадым. Емтиханды қыста тапсырған оңай емес екен.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы жолдың талапқа сай келмеуін мердігер компанияның жауапсыздығымен түсіндірді. Өйткені автодромды тазалап, қалыпта ұстауға 6 млн теңге бөлінген. Бұл бір жылға арналған қаражат. Енді жыл басынан жұмысқа басқа серіктестік кіріскен. «Алайда қатып қалған мұзды алып тастау қиынға соғып жатыр», - дейді мамандар.

Жақсылық Кенбай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы:

2023 жылы бізде басқа мердігер болды. Олар өздерінің жұмыстарын толықтай атқармады. Қарлы жаңбыр жауған кезде қарды уақытында алып тастаса, мұндай жағдай болмас па еді деп ойлаймыз.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу